Ақтөбеде ауыл тұрғындары факелдерде жағылатын ілеспе газды тұтынып отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ауыл тұрғындары факелдерде жағылатын ілеспе газды тұтынып отыр. Байғанин ауданы Жарқамыс ауылына газ құбырын тартып берген мұнай компаниясы қаржы үнемдеп, тұрғындарды әбігерге салды. Себебі, қыстың аязында газ қатып қалып, ауыл халқы жылусыз отырады, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарқамыс ауылының тұрғындары 5 жылдан бері газ пайдаланып отыр. Бұл мұнаймен ілесіп шығатын газ, яғни, өнделмеген. «Қазақтүрікмұнай» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында ауылға газ құбырын тартып, тұрғындарға тегін тұтыну құқығын берді. Қазіргі күні еліміз бойынша газды тегін пайдаланып отырған ауыл халқы қысты күні азап шегіп отыр. Себебі, қыстағы аязда газ қатып қалады.

«Газ құбырын тарту кезінде мұнай компаниясы арнайы құрылғыны қондырмаған. Бұл қателікті жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ескерту берілді, бәрі қалыпқа келеді. Қыстағы аязда газ қатып қалып, ауыл тұрғындары жылусыз отырған күндер болды. Бірақ биыл мұндай дерек тіркелмеді»,- деді Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов.

Айта кетейік, аудан орталығы Қарауылкелді мен Жарқамыс ауылынан өзге елді мекен тұрғындарының бәрі қыста қатты отын пайдаланады. Ауданға көмір жеткізетін екі кәсіпкер тонналап емес, қапқа салып, пайда табуды көздеген. Әкімдік оларға тосқауыл қоя алмай отыр.

«Ауылда көмірдің бір қабы 1200 теңге. Күніне 2 пеш үшін 1 қап көмір керек. Біз 40-50 мың теңгені тек көмірге жұмсап, шығынға батып отырмыз. Бізге газ керек. Бірақ Жарқамыс ауылындағы ілеспе газды тұтынуға қарсымыз. Оларда газ бір күн бар, екінші күні жоқ. Қыстай қиындық көріп шығады»,- дейді Кемерши ауылының тұрғыны Гүлшат Әбішова. 

Соңғы жаңалықтар