Ақтөбеде ауыл дүкендеріндегі баға тексерілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы маңындағы ауыл дүкендерін арнайы топ бақылауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жанындағы арнайы мониторинг тобының өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылап жүр. Мониторинг барысында белсенділер Ақтөбе қаласы маңындағы Ақшат, Ақжар, Қызылжар ауылдары және Нұр - Ақтөбе шағын ауданындағы дүкендерді аралады. Сатушылар және сатып алушылармен әңгімелесу барысында азық-түліктің бірнеше түріне шекті баға бекітілгені туралы мәліметті көбі білмейтіні анықталды. Кейбірінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бекітілген бағасы сақталмаған.

«Төтенше жағдайда әрқайсымыздың әдептілігіміз бен адалдығымыз ерекше маңызға ие», - деп атап өтті арнайы мониторинг тобының басшысы Тәттігүл Талаева.
Мониторинг тобы жергілікті әкімдікке нақты ұсынымдар беріп, алдағы уақытта олардың орындалуын бақылайды.


Айта кетейік, Ақтөбе қалалық учаскелік полиция инспекторлары ірі дүкен, супермаркет қызметкерлерінің карантин талаптарын қалай сақтап жүргенін тексерді. Ірі гипермаркеттердің бірінде дезинфекциялық туннель орнатылған. Сатып алушылардың барлығы сол арқылы өтіп жүр. Онымен бірге гипермаркет қызметкерлерінің бірі келушілердің қолына антисептик шашып, тағы бір қызметкер сатып алушылардың қызуын тексереді.

Полиция қызметкерлері профилактикалық алдын алу жұмыстарын және кезекте тұрғандарға арақашықтың 1,5-2 метр болуы қажет екенін ескертті. Қала дүкендерінде карантин талаптарының сақталуын тексеру жұмыстары жалғасады.


Соңғы жаңалықтар