Ақтөбеде ауыл әйелдерінің форумы өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ауылда кәсіп ашып, халықты жұмыспен қамтып отырған іскер әйелдер өз тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іскер әйелдер форумын облыс әкімдігі, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы және іскер әйелдер кеңесі, «Жасыл экономиканы қолдау» және «G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ-і бірлесе ұйымдастырды. Негізгі мақсат - іскер әйелдерді қолдау, тәжірибе алмасы.

Форумға қатысқан «Алтын алқа» иегері Қаламқас Жалмұханова 8 бала тәрбиелеген. Барлығын да кішкентайынан еңбекке араластырып, мал шаруашылығына бейімдеген. Қазір бие сауып, қымыз сатып отыр.

«Біз қазір 15 бие сауып отырмыз. Қымызды ауылға келіп, алып кетеді. Бұл кәсіпке 25 жыл болды. Алдағы уақытта да жұмысты жалғастырып, дамытуды көздейміз. Мұндай форумға жиі қатысып жүрмін. Менің ойымша, әйелдер ер адамдардың жанында жүріп кәсіпте көмектескені дұрыс. Балаларым мал бақса, мен бие саудым. Сол іске келіндерді де үйреттім», - деді Қаламқас Жалмұханова.

Ал бал шаруашылығымен айналысатын Надежда Усова тәжірибе алмасу үшін форумға арнайы қатысты. Педагог және заңгер мамандығын меңгерген кәсіпкер екі дипломына қарамастан бал шаруашылығын дамытып отыр. Өзі 10 жылдан бері кәсіппен айналысады.

«Отбасылық бизнесті дамыту мақсатында тәжірибе алмасып жүрмін. Таза, табиғи өнімнің сапасына өзіміз жауап береміз. Өз қолымызбен тұтынушыларға жеткіземіз. Тұтынушыларымызды іздеп, жарнама жасаған емеспіз. Бір-бірінен естіп, келіп жатыр. Алдағы уақытта араның азығын қолға алғымыз келеді. Қазір өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруалармен бірге жүрміз. Солар еккен жерді тозаңдандырамыз», - деді кәсіпкер Надежда Усова. Ол балабақша мен мектепте балды мәзірге кіргізу бала денсаулығына қорғауға септігін тигізеді деп есептейді.

«Жасыл экономиканы қолдау» және «G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекованың айтуынша, 7-8 қарашада Нұр-Сұлтанда өтетін Қазақстанның ауыл әйелдерінің екінші форумында «Ауыл әйелдері жетістігінің 100 тарихы» кітабын таныстырылады.

Соңғы жаңалықтар