Ақтөбеде әскери техниканың үстінен дрон ұшырған адам ұсталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы 30238 әскери бөлімнің ішінде орналасқан техниканың үстінен дрон ұшырған адам анықталып, ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі 30238 әскери бөлімнің қарауыл бастығы Олжас Зарлыханов техниканың үстінде ұшып жүрген квадрокоптерді көріп, кезекші бөлімдегі Нұржан Байсақаловқа хабар берген. Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб талабы бойынша жедел қимылдайтын жасақ шақырылып, ұшатын аппараттың иесін іздеді.

«Дрон мен оның иесі 30238 әскери бөлімнің маңынан ұсталды. Квадрокоптер иесінің айтуынша, аппаратты бір күн бұрын ғана сатып алған және алғаш рет әскери бөлім маңында ұшырған. Мән-жайды полиция қызметкерлері анықтайды. Ақтөбе гарнизонының әскери полициясы ұшу құралының мемлекеттік реестрде тіркеуге алынбағанын анықтады», - деп хабарлады Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, талап бойынша ұшқышсыз техника иесі міндетте түрде Азаматтық авиация комитетінен жазбаша рұқсат алып, дронды тіркетуі керек. ҚР Әкімшілік құқықбұзу кодексі бойынша заңды тұлғаға 10 АЕК дейін айыппұл салынуы мүмкін.

«Дрон иесі облыстық полиция департаментіне жеткізілді. Ол алғаш рет ұшырып тұрған соң басқаруды дұрыс білмегенін айтып берді. Бірақ білместік оны жауапкершіліктен босатпайды», - деді әскери институттың баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар