Ақтөбеде ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 31 мамыр күніне арналған 500-ге жуық шара ұйымдастырылып жатыр. Өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова алдымен репрессия құрбандары жерленген «Түйетөбеге» барды. Кейін ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты.

«Қазақ халқы ашаршылық кезінде 2 миллионға жуық адамынан айырылды. 100 мыңнан астам адамға халық жауы деген айып тағылып, көбі атылды, лагерьлерге жіберілді. Қаһарлы жүйенің қанды шеңгелі халқымыздың қаймағын қалқып әкетті. Елдің алдыңғы шебіндегі арыстарымыздан айырылдық. Сол күндері Ақтөбе өңірі де орасан зардап шекті. 1920-1940 жылдары аралығында облыс бойынша 8 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың 2 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Құрбандар ішінде 1929-1931 жылдардағы ұжымдастыру кезінде зорлық-зомбылыққа қарсы шыққан адай, табын, Ырғыз көтерілісіне қатысқан, әр жылдары аймақта қызмет еткен қайраткерлер де бар»,- деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ескерткіш алдымен облыстық, кейін республикалық комиссияда қаралып, мақұлданды. Байқау қорытындысында ақтөбелік мүсінші Ахмет Құбайдың жобасы үздік шықты. Тұғыры 110 см, мүсіннің биіктігі 240 см болды. Ашылу салтанатына 1938 жылы ату жазасына кесілген Құдайберген Жұбановтың кенже ұлы Асқар Жұбанов қатысып, әкесі туралы ескеліктерімен бөлісті.

«1937 жылы қарашада дүниеге келгенмін. Бір апта өткен соң әкем Құдайберген Жұбановты алып кетті. Халық жауы деген жазамен ұстап алған соң үйді тінтіп, кітап, қозжазбаларын тиеп алды. 1938 жылы 21 ақпанда әкемізді атты. Анамыз 6 баламен қалып, Алматыдан Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жаңатұрмыс ауылына қоныс аударуға тура келді. Ал әкем туралы ескеліктер 1957 жылдың 25 ақпанына дейін қазақтың жадынан өшірілді. Себебі, ол туралы жақсы сөз айтуға рұқсат болмады»,- деді Асқар Жұбанов. 

Соңғы жаңалықтар