Ақтөбеде арыққа құлаған қызды құтқарғандар марапатталды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында арыққа батып бара жатқан 12 жасар қызды құтқарған бес адам марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 31 наурыз күні «Батыс-2» ықшамауданында болған. Су тасқыны кезінде 12 жасар оқушы қыз арыққа құлап кетеді. Ағынды суға батып бара жатқанын байқап қалған азаматтар құтқарып қалады. Ағыстың қаттылығынан бес ер адам оны судан әрең шығарады. Олардың төртеуі сол маңдағы фитнес-орталыққа келе жатқан, ал бесіншісі – тұрғын үй кешенінің күзетшісі. Қыздың денсаулығына зақым келген жоқ.

Төтенше жағдайлар департаменті қызды құтқарған Алексей Ступенко, Юрий Лысенко, Альберт Дедусев, Евгений Зелевский және Ерболат Құлжігітовті марапаттады. Азаматтарға сала министрі Юрий Ильиннің алғыс хаты және ақшалай сыйлық табысталды.

Бүгінгі таңда қалада, соның ішінде «Батыс-2» шағын ауданында жағдай тұрақты. Алайда, өңірде су тасқынымен күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Күні кеше су басу қаупіне байланысты Ойыл ауданы Екпетал ауылының 200-ден астам тұрғыны эвакуацияланды.


Соңғы жаңалықтар