Ақтөбеде арнайы мектеп-интернат балаларын ұрып-соққан мейірбике сотталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде арнайы мектеп-интернат балаларын ұрып-соққан мейірбике төрт жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің қылмыстық істер жөніндегі сотында 30 жастағы мейірбикеге қатысты Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша іс қаралды. Айыптау актісіне сүйенсек, сотталушы өзі қадағалауға тиіс мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерін ұрып-соққан. Қылмыс көктемде психикалық ауытқулары ауыр балалар тәрбиеленетін мектеп-интернатқа прокурорлық тексеру барған кезде ашылған.

«Бейнебақылау камераларынан әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері өз тәрбиеленушілерін соққыға жыққаны анықталды. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалды. Сотта медбике өз кінәсін мойындады. Ол төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде «Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард», «Нур-Али Капитал» ЖШС-ін құрып, 17 мыңнан астам салымшының ақшасын алған қылмыстық топқа үкім шықты. Қылмыстық топ құрғандар 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс материалына сүйенсек, Қылмыстық кодекстің «Заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет», «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Алаяқтық» баптары бойынша айып тағылды.


Соңғы жаңалықтар