Ақтөбеде археологиялық қазба жұмыстары жалғасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі биыл аудандардағы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының ескерткіштер жинағын құрастыру үшін өткен жылы Шалқар ауданы аумағында тарихи және мәдени ескерткіштерді анықтау мен тіркеу жұмысы жүргізілді.

Зерттеулер жаз және күз айларында өтті.

Археологиялық деректер мен жаңа зерттеулер нәтижесінде Шалқар ауданының аумағында тұрақ, кеніш, қорған мен қасиетті орындар сынды археологиялық ескерткіштер тобы және кесене, мешіт, қоршаулар секілді этнографиялық ескерткіштер анықталды.

Бұл бағытта археологтар Аслан Мамедов, Нұрсұлтан Баиров, Нұршат Оразмағамбетов, Баубек Мелисов, Нұрбол Бидағұлов зор еңбек сіңірді.

«Ескерткіштердің негізгі бөлігі тас ғасырының тұрақтары мен қола дәуірі, ерте темір ғасыры және орта ғасырларға қатысты қорғандар болып табылады. Картаға түсіру барысында тас ғасыры ескерткіштерінің құмды алқапқа жақын және ежелгі тұрақтар немесе өз алдына бөлек тас өнімдер орны анықталды. Б.з.б. ІІ мың ж. — б.з. І мыңжылдыққа жататын тарихи-мәдени мұралардың дені Солтүстік Арал маңы бақташылары мен ежелгі кеншілер тұрғызғын қорғандар тобы немесе жеке қорғандарды құрайды. Бұл аумақтағы қорымдардың көпшілігі мен жеке қорғандар гипсометриялық биіктікті орындарда орналасқан. Қорғандардың көлемі әр түрлі, айналасы дөңгелене қазылып, кейбіреулері ірі үйінділерден тұрады. Құрылымдық жағынан қорғандар топырақты, тасты және тасты-топырақты болып бөлінеді. Қазіргі таңда Шалқар ауданында 300-ге жуық ескерткіш бар. Бір қызығы - Шалқар ауданында анықталған нысандар арасында ғұн-сармат кезеңіне жататын жерлеу-ғұрыптық орындары мен Ақтөбе облысының солтүстік және орталық аудандарына тән «мұртты» қорғандар бар. Бұл анықталған ескерткіштер арқылы Арал-Каспий аймағы мен ішінара Солтүстік Арал маңын мекендеген ежелгі тұрғындардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге ғылыми негіз бола алады», - дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог Аслан Мамедов.

Айта кетейік, археологтар Ойыл ауданына сапары кезінде бірнеше тарихи қорымды зерттеді.

« Қорымның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі төрт нысанда қазба жұмыстары жүргізілді. Екі жақтан қазылған екі қорған ортақ ұзын үймекте бірігіп, гантель тәріздес құрылысты құрайтын ортақ кешенге айналған. Жақын маңда тағы екі қорған зерттеліп, оңтүстік-шығыс нысандарды құраған. Шөптікөл-І қорымының зерттелген қорғандарындағы жерлеу дәстүрі мен заттай мәдениет жәдігерлеріне қарап б.з ІІ-ІV ғасырларға тән екені анықталды. Жерлеу кешендерін сараптау арқылы оларды кейінгі сарматтық археологиялық мәдени ескерткіштерімен теңестіруге болады. Шөптікөл-І қорымы мен оған жақын орналасқан жерлеу-ғұрыптық кешендер б.з ІІ-ІV ғ. ғ. мекен еткен тұрғындардың құрылысы саналатын ортақ ескерткіштер тобын құрайды. Кейінгі сарматтық археологиялық мәдениеттің ірі өкілдері болған тайпалық бірлестіктердің ірі қорымды кешендері боп саналады « , - деді Аслан Мамедов.


Соңғы жаңалықтар