Ақтөбеде археологиялық ескерткіштер егін алқабы мен жолдың астында қалып қойды - инспектор

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде археологиялық ескерткіштердің картасы жасалмаған. Салдарынан тарихи жәдігерлер жол құрылысы мен құбыр тарту жұмыстары кезінде бұзылып, егінді алқапта жойылып кетті. Бұл туралы Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- Ақтөбе өңіріндегі тарихи-археологиялық ескерткіштерді сақтау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Облыс аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуы, қорғалуы және пайдалануы барысында ескерткіштерді бұзу деректері жиіленіп кетті. Бұл негізінен жер қойнауын пайдаланушылардың тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар жер учаскелеріне археологиялық-этнографиялық сараптамалық актілерді алмағандығынан болып отыр. Атап көрсеткенде, әсіресе, Ақтөбе қаласы, Қарғалы, Қобда және Хромтау аудандарында кейбір қорғандар егіс алқабын жырту, құрылыс материалдары үшін құм-тас карьерлерін ашу, жол салу жұмыстары кезінде жойылып жатыр. Кей жерлерде жойылу қаупі төніп тұр. Мұғалжар, Темір аудандары аумағында да екпінді түрде мұнай-газ өнімдерін өндіру барысында көптеген қорғандар қирап бүлініп қалды. Сондай-ақ, Байғанин ауданындағы Асан-Қожа, Дәуімшар, Қарасақал қорымдары мен Хромтау ауданындағы Ойсылқара сияқты бірегей архитектуралық ескерткіштерді өз бетінше зерттеп, жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бүліну дерегі тіркелді.
null 

- Ақтөбе қаласынан өзге аудан, ауылда археологиялық ескерткіштерді түгендеу жұмыстары жүргізілді ме?

- Қарғалы ауданында 133 археологиялық ескерткіш болса, ол жерде де 21 ескерткіш жоқ болып шықты. Біз қолдағы құжат бойынша барып, кейін GPS координаты арқылы мәлімет алып, жердің иесін анықтаймыз. Шаруа қожалығына тиесілі болса, хат жібереміз. Қорған тұр, арнайы ереже бар екенін түсіндіреміз. Ескерткішті қорғау міндеттемесі қосымша жалғанады. Жер иесі қорғау міндеттемесіне қол қояды, яғни, бұл аймақта тарихи құнды ескерткіштің бар екенін жер иесі біледі. Талапқа сай, радиусы 50 метр жерге ол тиіспеуі керек. Содан кейін облыстық мәслихатқа құжат жібереміз, қорғау аймағы бекітіледі. Құрылыс салуды реттеу аймағына 100, табиғи ландшафтты аймағы 100 метр болады.
 null

- Жер иесі «жерімнен айырылып қаламын» деп қорықпай ма?

- Инспекцияның міндеті - облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштердің санын және мемлекеттік тізімге енген ескерткіштердің орналасқан орындарын анықтау, тізімін жасау, құжаттарын ретке келтіру. Ақтөбе жеріндегі ең көне ескерткіш тас дәуірінен қалған Мұғалжар ауданындағы Төлеубұлақ үңгірі болып табылады. Сонымен қатар, петроглифтер, мавзолей, бейіттер мен мешіттер және сырт көзге жай ғана төмпешік болып, үнсіз жатқан талай қорғандар бар екені анық. Облыс аумағындағы Абат-Байтақ, Дәуімшар, Қарасақал, Асан-Қожа, Балғасын, Қарағұл тамы, т.б. кешендері - қайталанбас тарихи-мәдени ескерткіштер. Орыс зерттеушілері Рычков пен Кастаньені таң қалдырған, қазақ даласының інжу-маржанына айналған Абат-Байтақ кесенесі сағымды далада мұхит айдынында жүзген кемедей болып қазақ даласына айбын беріп тұр. Ойыл ауданы аумағындағы 160 қорғаннан тұратын қола дәуіріне жататын «Құмсай» қорымы еліміздегі ең ірі қорымдардың бірі болып саналады. Инспекция қазір Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Мәртөк аудандарындағы ескерткіштерді түгендеді. Биыл Қобда ауданына барамыз. Тексерілген екі ауданда 100 қорғау міндеттемесі толтырылды. Жыл сайын бұл жұмыстарға 4 миллион теңге бөлінеді. Алдыңғы кезекте жойылып кетудің алдында тұрған ескерткіштерді қазу жұмыстары жүргізіледі. Жер иелері шын мәнінде жерімнен айырылып қаламын деп қорқады. Осы өзекті мәселе. Кезінде ескерткіштердің орны белгіленбестен жер жекеге жалға берілген. Қазіргі күні шаруалар «ескерткішіңді алып кет» деп айтады. Оны біз қалай алып кетеміз? Жалпы өңірдегі ескерткіштің нақты саны белгісіз.
 null

- Ескерткіш орнату жұмысына тоқталсақ. Биыл Ақтөбеге кімдерге ескерткіш орнатылады?

- Биыл Есет батыр, Жалаңтөс баһадүр, Бөкенбай батыр, заңгер Нағашыбай Шәйкеновке ескерткіш орнатылады. Қазір Есет батыр ескерткішінің орны талас болып тұр. Батыр ескерткішін қала шетіндегі жол жиегіне қою ұсынылды, көпшілік келіспей отыр. Бөкенбай батыр мен Есет батыр ескерткіші мемлекеттің, өзгесі қор қаржысына орнатылады. Сонымен қатар, бірнеше ескерткіштің орнын ауыстыру туралы ұсыныс комиссияда қаралды. 
null 

- Ескерткіштің орнын ауыстыруға бола ма?

- Қаладағы Ленин, Фрунзе, Зинченконың ескерткіші Әбілқайыр хан даңғылы бойында ашылатын Тарих скверіне қойылып, Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтанов ескерткішін драма театр маңындағы саябаққа ауыстыру ұсынылды. ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және оны пайдалану туралы» Заңына сәйкес, ескерткіштердің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге тыйым салынған. Үш жағдайда орын ауыстыруға болады. Олар: ескірткіштің 70 пайыздан астамы бұзылса, тарихи-мәдени мәнін тарихи-мәдени құндылығы жоғалтса, сақталу жағдайын жақсарту үшін орын ауыстырса. Орын ауыстыру қала, облыс әкімінің құзырында жоқ. Тек қана облыс әкімінің  ұсынысы негізінде облыс әкімі жанындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау комиссиясында қаралады. Сараптамалық қорытындысы жасалып, Мәдениет және спорт министрлігіне жіберіледі. Комиссияның шешімімен ғана орнын ауыстырады. Маман ретінде айтсам, ескерткішті орнынан ауыстыруға болмайды. Орнатпас бұрын бәрі комиссияда қаралды, талқыланды. Мәселен, Ленин, Фрунзе ескерткіштері екінші рет орын ауыстырады. Тіпті, Пушкин саябағында Азамат соғысына орнатылған ескерткіш белгі бар. Соны қазамыз, сүйектерді алып, басқа жерге жерлейміз дейді. Оған халықтың пікірін біліп, қоғамдық тыңдау өткізу керек. Ол ұсыныс та қаралды. Тіпті, Шығанақ Берсиевтің ескерткішін алып, сол көшеге қоямыз деді. Әзірге соңғы екі ұсыныс белгісіз күйінде қалып отыр.

- Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар