Ақтөбеде аралас жекпе-жектен Alash Pride турнирі өтті

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Alash Pride клубының аралас жекпе-жек турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, Ақтөбеде «Қоныс» спорт сарайында «Alash Pride» клубының аралас жекпе-жек турнирі өткен.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. Өңір басшысы қатысушылармен амандасып, рингте сәттілік тіледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортқа мемлекет үнемі қамқорлық көрсету қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысында спорт және дене шынықтыруды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Айта кететін болсақ, қаламызда наурыз айының басында гір спортынан республика біріншілігі өтіп, жерлесіміз Евгений Гончаров еліміздің 30 дүркін чемпионы атанды. Бүгін тағы бір қызық сайыс басталды. Осындай нәтижелер біздің өңіріміздің дене шынықтыру және спорт саласының дамуына жаңа қарқын беретініне сенемін және жастарымыз шыңдалып, салауатты ұрпағымыз көп болуына септігін тигізеді деп ойлаймын»,- деді облыс әкімі.

Жалпы турнирде тоғыз жекпе-жек ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен спортшылар қатысты.

Ақтөбе қаласынан Нұрбек Қабдрахманов, Айдын Төлепбаев және Еламан Отаров өнер көрсетті.

Жарыс кезінде облыс әкімі жуырда ММА-дан үш дүркін әлем чемпионы, аралас жекпе-жек бойынша әлем және Азия чемпионы Бағдат Жұбанышқа үш бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.


Соңғы жаңалықтар