Ақтөбеде алғашқы тірек мектеп жұмысы таныстырылды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Бестамақ ауылында тірек мектепті қайта жабдықтауға 250 млн теңге бөлінді. Мұндағы сынып бөлмелері жаңаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Білім беруді тұрақты дамыту қорының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасына қатысқан өңірдің бірі. Тірек ауылдар секілді, енді тірек мектептер өз нәтижесін бере бастайды. Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибе мен тиімді әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Осы жобаға енгізілген Алға ауданы Бестамақ ауылында алғашқы тірек мектеп таныстырылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның мақсаты – бірыңғай стандарт бойынша мектептер салу, ондағы орын тапшылығы мәселесін жүйелі шешу. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры қаржыландыратын «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» маңызды жобасы жұмыс істейді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемесін қолданған ауылдағы тірек мектептер облысымыздың тағы бірнеше ауданында пайда болады. Жобаны жүзеге асыру ауылда оқитын оқушыларға өздері тұратын жерде сапалы білім алуға, сондай-ақ білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев өңір басшысына жоба аясында 27 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары жабдықталғанын айтып өтті. Қосымша STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапханамен жарақтандырылған.

Білім беруді тұрақты дамыту қоры және жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау жұмысын аяқтады. Мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бағытында ұсынымдар әзірледі. Сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курсболады. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тірек мектептерді жаңартып, қайта жабдықтауға «Қазақстан Халқына» қоры 250 млн теңге бөлді.

ФОТО: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар