Ақтөбеде әлеуметтік сала қызметкерлері баспаналы болды
2017 жылғы 21 наурыз 13:56

Ақтөбеде әлеуметтік сала қызметкерлері баспаналы болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 5 қабатты, шағын отбасыға арналған жатақхана құрылысы аяқталды. Бүгін әлеуметтік сала қызметкерлері уақытша баспанаға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер бүгін қоныс тойын тойлады. Наурыз мерекесі күні өткен жылы құрылысы басталған 5 қабатты шағын отбасыға арналған жатақхана құрылысы аяқталып, әлеуметтік сала қызметкерлері пәтер кілтіне қол жеткізді. Пəтер білім, медицина, мəдениет, журналистика жəне спорт саласының жұмыскерлеріне қызметтік баспана ретінде берілді. Яғни, жас мамандар еңбек етіп жүрген кезде жалдамалы пәтерде уақытша тұра алады.

null

«Өте ризамыз. Бүгін Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония ұжымында үлкен қуаныш. Камералық хордың жетекшісі, әрістері риза. Өткен жылы камералық хор Санк-Петербург қаласына барып 1 орын алып келді. Одан Сингапурге жолдама алды. Камералық хордың концерттері толық залда өтеді. Мұның бәрі ескеріліп, еңбегіміз жанды. Алдағы уақытта тағы да баспана бұйырады деген үміт бар. Бізге жас мамандар қажет. Оларды шақырған кезде баспана сұрайды»,- деді облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиев.

null

Айта кетейік, әлеуметтік баспана салу мәселесін өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтып, жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсеткен болатын. Кәсіпкер әрі облыстық мəслихат депутаты Марат Итеғұлов бүгін 70 пәтердің кілтін табыс етті. Оның 47-сі екі бөлмелі, 23-і бір бөлмелі пәтер. Салтанатты шараға қала әкімі Ілияс Испанов қатысты.

null

«Наурыз мерекесі - өте сыйлы мереке. 14 наурыздан бастап Ұлыстың ұлы күні аталып өтіп жатыр. Бүгін қаладағы әлеуметтік сала қызметкерлерінің бір тобы баспаналы болды. Алған пәтерде той көп болсын!»,- деді қала әкімі Ілияс Испанов.

null

Сонымен қатар, таяуда еңбекші жастарға арналған жатақхана пайдалануға беріледі. Жоба «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жатақханада 1 және 2 бөлмелі 115 пәтер бар.

null

Jańalyqtar

MURAǴAT