Ақтөбеде әлдебіреу металл қабылдайтын орынға әскери танк өткізген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде металл қабылдау бекетіне танк тапсырып, қазір тергеу жүріп жатыр. Танкіні кімнің тапсырғаны туралы ақпарат әлі күнге дейін құпия сақталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық ұланның әскери полициясы 66/55 әскери бөліміне хабар келіп, танктің металл қабылдау бекетінде тұрғаны анықталды.

«Біздің әскери бөлімде әскери техника болған соң барып қарау - міндетіміз. Әскери бөлім офицерлері оқиға орнына барды, қарады. Шын мәнінде танк тұр. Тек жоғарғы бөлігі, оқ-дәрісі жоқ. Сол жерде кімнің тапсырғаны анықталды. Оны қазір жариялай алмаймыз. Тексеру жүріп жатыр. Әскери тергеу басқармасы, Ақтөбе гарнизонының әскери полициясына хабар берілді. Құжаттар жиналды. Танкінің материалдық құны жоқ. Дегенмен кез келген әскери техника арнайы орында жойылуы тиіс»,- деді 66/55 әскери бөлімі әскери полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Марат Есет.

Оның айтуынша, Т-34 маркалы танк соғыс кезінде қолданылған. Қазір қолданыста жоқ.

«Қазір танкі металл қабылдау бекетінде тұр. Нақты шешім қабылданғанға дейін әскерилер күзетеді. Металл қабылдау бекетіндегі адамдардың айтуынша, салмағы 20 тонна болады»,- деді Марат Есет.


Соңғы жаңалықтар