Ақтөбеде ағын суларды төгуге талон жүйесі енгізілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде кәріз суын төгуге арнайы талон жүйесі енгізілді. Бұған дейін ай сайын 15 мың теңге төлейтін ассенизатор иелері енді әр текше метріне 71,84 теңге беруі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында кәріз суын төгу станциялары жаңарып, 1-қазаннан бастап талон жүйесі енгізілді. Себебі, үш қабылдау пунктін салу үшін 300 миллион теңге жұмсалды.

«Бұрын кәріз суы есепке алынбай, төлем ай сайын бір бағамен қабылданды. Яғни, әр ассенизатор кәріз желісіне қанша ағын су құйғанын білмедік. Есесіне бәрі тек 15 мың теңге төлеп, халыққа өз қажетінше қызмет көрсетті. Сондықтан бір текше метрі 71,84 теңге болып бекітілді. Мысалы, 1-азаннан бастап үш текше метрлі ассенизатор машинасы үшін талон құны 215 теңгені құрады»,- деді «Ақбұлақ» АҚ вице-президенті Тимур Бабанаев.

Айта кетейік, барлық кәріз станцияларында бейнебақылау бар. Қабылдау кезінде заңсыздықтарға жол берілмейді. Негізі талон жүйесін енгізу осы жылдың маусым айына жоспарланған болатын. Алайда ассенизатор иелері арыз жазып, Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау басқармасына шағымдануға мүмкіндік берілді. Тексеру нәтижесі бойынша кәсіпкерлердің құқығы бұзылмағаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар