Ақтөбеде ағалы-інілі екі адамды ит қауып алды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 10 жастағы бала мен 17 жастағы жігітті ит қауып алды. Қазір екеуі де арнайы ем қабылдап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Ақтөбе қаласы Маресьев көшесіндегі көпқабатты жатақхананың бірінде болды.

«Төрт бала үйге қарай келе жатқан. Артқы жағында ит жетектеген бала еріп жүрген. Балалардың айтуынша ол «фас» деп айтқан. Итте арнайы тұмылдырық болмаған. Бұл кешкі уақыт. Айқайлаған дауысты естігенде төменгі қабатқа қарай жүгірдім. Мен келсем балам бірінші қабатта қансырап тұр. Оны ит 7 жерден тістеген. Бірден жедел жәрдем шақырдық. Негізі ит жүгіргенде барлығы жан-жаққа қарай қашқан. Менің 10 жастағы балама жармасқанда 17 жастағы ұлым оны құтқармақ болып, арашалаған. Сол кезде ит үлкен ұлыма да тарпа бас салды», - деді Темір ауданы Шұбарши ауылының тұрғыны Айнагүл Мұқашева.

Ит балаға ғана емес, арашалаған адамның бәріне қарсы шапқан соң тұрғындардың бірі оны атып тастауға мәжбүр болған.

«Сол күні кешкілік теледидар қарап отырдым. Ауладан балалардың айқайы, жылаған дауысы естілді. Өзім төрт баланың әкесімін. Сол уақытта үш балам далада ойнап жүрді. Терезеден біреудің екі баласын ит талап жатқанын көрдім. Подъезде тұрған ескі орындықты қолыма ұстап, ойланбастан сыртқа шықтым. Сол кезде ит талап жатқан екі баланың ағасы да сыртқа шықты. Екеулеп әрең ажыратып алдық. Ит бізге қарсы шауып тұр. Есіктің алды толған бала. Ашулы ит подъезд алдындағы цемент тасты тістеп, ойып алған. Үйден заңды түрде тіркелген мылтығымды алып шықтым. Себебі өзімнің үш балам далада ойнап жүр. Қарумен шыққанда питбуль ит 3-4 айлық баласымен дүкенге бара жатқан әйелді қуып бара жатқанын көрдім. Айқайлап артынан жүгірдім. Балаларды қоқыс төгетін орынға қарай қудым. Ит өзіме қарай атылған кезде аттым. Айналамда ешкім болмады. Сол жерде полиция, жедел жәрдем шақырдық. Атудан басқа амал болмады»,- дейді оқиға куәгері Ерлан Әмірғалиев.

Екі баланың итке таланғанын облыстық ветеринария басқармасы да растап отыр. Сынама алынған.

«Итті атқан. Біздің мамандар барған кезде тірі болды. Оны арнайы орынға апарып, егіп, өлтірдік. Егер атпаған кезде 10 күн ұстайтын едік. Қазіргі кезде сынамасы зертханаға жіберілді. Нәтижесі енді шығады», - деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай. Полиция бұл істі тіркеп, ит иесін анықтады.

«Тексеру барысында полиция ит иесін анықтады. Оған қатысты ӘҚБтК-тің «ҚР жануарларға жауапты қарау саласындағы заңнамасын бұзу» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбеде 12 жастағы баланы ит талап өлтірді. Полиция қылмыстық құрамын таппай, іс тоқтатылды.


Соңғы жаңалықтар