Ақтөбеде әдеби форум кезінде ақын-жазушыларға арнайы сыйақы тағайындалды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби форумы өтті. Онда ақын-жазушыларға белгілі тұлғалардың стипендиясы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы әдебиет форумына биыл елімізге танымал ақын-жазушылар жиналды.

Олардың арасында ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Ілия Жақанов, Ақұштап Бақтыгереева, Тынымбай Қарин, Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Озғанбаев, Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев бар. Форумға жиналғандарға облыс әкімі алғысын білдірді.

«Мәдениет пен әдебиет – ұлт айнасы. Биыл облыста бұл бағытта көптеген маңызды істер атқарылды. Форум мәдениет пен қазақ әдебиетін дамытуға бағытталған жұмыстың бір парасы ғана. Барлық қатысушыларға қолдау білдіріп, форумға қатысқандары үшін алғыс айтамын. Бұл азаматтарымыздың ұлттық болмысының қалыптасуына оң ықпал ететіні сөзсіз», - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Ақын-жазушылар елі ішінде атқарылып жатқан жұмысқа тоқталып, әдебиет форумының жастарға берер тағылымын ерекше атап өтті.

«Бұл форумға жыл сайын қатысып жүрмін. Руханиятқа көп көңіл бөлу керек екені айтпаса да түсінікті. Экономика, құрылыс деп түрлі саланың дамуы туралы айтылғанымен, сана-сезім байлығы бірінші кезекте тұруы тиіс. Форумның деңгейін әлі де арттырып, жастарды қолдаса дейміз. Ұлттың рухын әдебиет, мәдениет көтереді. Елдікті сақтайды, ұлттың еңсесін шарықтатын осындай дүние», - деді Ақұштап Бақтыгереева.

Форум аясында әдеби байқаудың 10 жеңімпазына Тахауи Ахтанов, Тобық Жармағанбетов, Үмбетбай Уайдин, Сағи Жиенбаев сынды көрнекті ақтөбелік ақын-жазушылар атындағы шәкіртақы тағайындады. Әрбір жеңімпазға 1 миллион теңгеден берілді.

Соның бірі Әлихан Жақсылықов өз шәкіртақысына ақын Әділ Ботпанов туралы деректі фильм түсіретінін айтты. Ал ақын Жұмаш Кенебай Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлықтың иегері атанды.

«Бұл форумға алғаш рет қатыстым. Қазақ әдебиеті үшін үлкен қамқорлық деп білемін. Басқа облыстардан қаламгерлерге деген мұндай құрметті көрмедім. Талантты ардақтап, сыйлай білген Ақтөбеге ризамыз», - деді ақын Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, ақын Жұмаш Кенебай.

Сондай-ақ бірнеше ақын-жазушы Қазақстан Жазушылар Одағына мүше болды.


Соңғы жаңалықтар