Ақтөбеде Әбіш Кекілбаев атындағы мектептің ашылуына жазушының жұбайы мен баласы қатысты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Әбіш Кекілбаев атындағы мектеп-лицей ашылып, жазушыға ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік күніне орай Ақтөбеде мектеп ашылып, білім ордасына қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді. Бұл батыс өңіріндегі заманауи ақпараттық технологияларды терең оқытатын алғашқы мектеп-лицей болмақ. Мектептің ашылуына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Әбіш Кекілбаевтың жұбайы мен ұлы - Клара Жұмабаева мен Дәулет Кекілбаев қатысты.

«Әбіш Кекілбаев Қазақстанның заманауи мәдениетінде ерекше орын алады. Оның ұлы шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылды. Ол жазушы ғана емес, мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына, халықтың бірлігін дамыту үшін көп нәрсе жасаған дарынды саяси қайраткер. Маған онымен таныс болу және көп жылдар бойы бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Ол - жүрегі кең жан. Оның мұрасын өскелең ұрпаққа табыс ету - парызымыз. Балалар осындай ұлы адамдарды үлгі тұтып, өмір сүруді үйренулері керек. Сондықтан да жаңа мектеп Әбіш Кекілбаевтың құрметіне оның есімімен аталды», - деді облыс әкімі Б. Сапарбаев.

Ақтөбе қаласындағы Әуе қалашы ауданында орналасқан мектеп 900 оқушыға арналған. Бірегей мектеп құрылысына 1,6 миллиард теңге жұмсалды. Мұнда 40 оқу кабинеті, информатика, физика, химия және биология, ағылшын тілі пәндеріне арналған арнайы сынып бар. 1-7 сынып оқушылары ақпараттық технология негіздерін үйренеді, 7 сыныптан бастап арнайы бағдарламалау тілінің курстары оқу жоспарына енгізіледі.



Сондай-ақ, робот техникасы мен 3D-принтингті терең оқыту қаралды. Ашылу рәсімі кезінде Әбіш Кекілбаевтың құрметіне мемориалды тақта қойылды.

«Еске алғаны үшін ақтөбеліктерге алғыс айтамын. Әбіш 77 жасында өмірден өтті, бірақ артында үлкен із қалдырды. Оның басты тілегі - өз елінің бай, бейбіт әрі гүлденгенін көру еді. Бүгінде біз сондай уақытта өмір сүріп жатырмыз. Балалар, осы сыйды бағалай біліңіздер. Үлкендердің сіздер үшін жасаған істерін бағалай біліңіздер, осындай игі істерді жалғастырып, арттыруға ұмтылыңыздар», - деді Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара Жұмабаева.

Соңғы жаңалықтар