Ақтөбеде Абайға және Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнатылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Есет батырға, ұлы Абайға және Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнату жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы аясында облыстық Тарихи-өлкетану мұражайында бес жаңа зал ашылып, 100 мыңнан астам экспонат қойылды. Облыстағы 32 киелі ескерткіштің 3D моделін әзірлеу, 16 ескерткішке QR-код орнату жоспарланып отыр. Биыл археологиялық қазба жұмыстары жалғасып, Ресейдің Санкт-Петербург, Орынбор және өзге қалаларында архивтік зерттеу жүргізіледі.

«15 мың оқушы Қазақстанның киелі жерлеріне экскурсияға барды. «Әдеби өлкетану» жобасы аясында «Ақтөбе кітапханасы» кітаптар сериясын шығару жұмыстары өз жалғасын табуда. Ақындар мен жазушылардың ең озық шығармалары 27 томға енгізілген. Өңірде 2020 жылға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Соған сәйкес «Туған жер» арнайы жобасы мен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бюджеттен тыс 1,3 млрд теңге сомасына 434 жоба іске асырылатын болады. Сонымен, Ақтөбеде Есет батырға, Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату жоспарланып отыр», - деді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов.

Бүгін облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жылды қорытындылап, 2020 жылдың жоспарымен бөлісті. Басқарма басшысы Нұрхан Кәдірбаевтың айтуынша, Ақтөбедегі Өнер орталығының алдына Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнатылады.


Соңғы жаңалықтар