Ақтөбеде «А» класты көлік-логистика орталығы салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында жаңа көлік-логистика орталығы пайда болады. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясымен «А» класты көлік-логистика орталығын салу жөнінде келісімге келдік. Орталықтың ауданы шамамен 60 мың шаршы метрді құрайды және жылына 1 млн тоннаға жуық жүк тасымалдау мүмкіндігі туады. Экономиканың өсуін жаңа капитал салымынсыз, жұмыс орындарынсыз және еңбек өнімділігін арттырмай жүзеге асыру мүмкін емес. Әрине, бұл жерде инвестиция құю маңызды. Соңғы 5 жылда аймақ экономикасына 6 млрд АҚШ долларынан астам қаражат тартылды. Инвестициялардың 25% тікелей шетелден тартылды. Бүгінде Ақтөбе облысында 1,5 мыңға жуық шетелдік кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл бизнес тарапынан біздің өңірге деген жоғары сенімнің белгісі», - деді Ералы Тоғжанов елордада өтіп жатқан «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестиция форумында.


Облыс басшысының мәліметінше, биыл Ақтөбеден 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын өнім экспортталды. Сыртқы тауар айналымы 55,7% артып, 3,2 млрд долларға жетті.

Сондай-ақ өңір әкімі жаһандық инвестиция тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» барысында инвесторлармен 735 млн АҚШ долларын құрайтын 5 меморандумға қол қойды.

«Отандық урбанистиканың жетекші сарапшыларымен бірлесіп, Ақтөбе қаласына жаңа сәулеттік келбет пен эстетикалық көрініс беру үшін жаңғырту және абаттандыру бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Жалпы қала келбетін қалыптастыруда бірыңғай кешен және дизайн кодқа сәйкес жұмыс істеу керек. Осы орайда Елек өзенінің жағалауын эко-саябақ ретінде абаттандыру жұмысына тоқталғым келеді. Саябақ аумағында бір сәтте 70 мың адамға дейін демалу мүмкіндігі бар. Бұл – қалаға туристерді тартудың бір амалы. Тағы бір маңызды нысан С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында «Art and Science» зияткерлік орталығын құру. Халықаралық стандартқа сәйкес келетін толыққанды жаңартылған кітапхана қоры жылына бірнеше мың адам келетін білім алу орталығына айналады», - дейді Е. Тоғжанов.


Айта кетсек, Астанада «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестиция форумы өтіп жатыр.

Аталған шара барысында Ақтөбе облысының бизнесті жүргізудегі артықшылықтары, инвестиция құюға перспективалы салалар мен жобалар таныстырылуда.

Форумға бірнеше министрлік өкілдері, ұлттық компаниялар, қаржылық институттар, трансұлттық компаниялардың басшылары және отандық, шетелдік инвесторлар қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар