Ақтөбеде 90 жастағы қарияны құтқарып қалған өрт сөндіруші марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚаЗАқпарат – Ақтөбеде Тәуелсіздік күні облыстық төтенше жағдайлар департаменті офицерлік бал өткізді. Онда 90 жастағы қарияны өрттен аман алып шыққан қызметкер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті мереке күні қызметкерлерді марапаттады. Екі қызметкер «Халық алғысы» медалін алды. Сонымен бірге Төтенше жағдайлар министрі атынан алғыс хат алған қызметкерлер бар. Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласындағы өрт кезінде 90 жастағы қарияны аман алып қалған Самрат Мейрамбек алғысқа бөленді.

«Оқу орнының спорт факультетін бітіргенмін. Отан алдындағы борышымды да өтедім. 2019 жылы өрт сөндіруші, құтқарушылар қатарына қосылдым. Ал оқиға туралы айтар болсам, Қандыағаш қаласындағы пәтерлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Түнде бірден оқиға орнына барған кезде есік ашылмады. Баспалдақ арқылы терезені сындырып пәтерге кіріп, қарияны далаға алып шықтық. Мүгедек адам өзі тұра алмады. Кейін осы видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Адамға көмектескенім үшін ата-анам қуанды. Бұл біздің міндетіміз, ерлік емес. Осы саланы таңдаған адам батыл болуы керек», - деді өрт сөндіруші Самрат Мейрамбек.

Айта кетейік, биыл 11 айда 3500-ден астам шықыруға барған қызметкерлер 451 адамды аман алып қалды. Ал мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілсе, 200-ден астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.




Соңғы жаңалықтар