Ақтөбеде 722 мың гектар жерге егін егіледі

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде биыл 722 мың гектардан астам жер жартылып, дәнді, майлы дақыл мен мал азығы егіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 722 мың гектар жердің 375 мың га дәнді, 85,2 мың га майлы дақыл. Қалғаны мал азығы мен көкөніс, бақша дақылы.

«Бүгінде 200 мың га алқапта ылғал жабу, 13 мың га алқапта себу алдындағы өңдеу жүргізілді. Сонымен бірге 3 мың га алқапта көктемгі жер жырту жұмыстары атқарылды. Жаздық дәнді, майлы және мал азығы дақылдарын егу жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге 6,5 мың га түрлі дақыл егілді. Оның ішінде 3,2 мың га дәнді дақылдар, 1,7 мың га майлы дақылдар, 1,5 мың га мал азығы дақылы. Облыс көлемінде көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге1,5 мың трактор, 112 егіс кешенін, 1,4 мың тұқым сепкіш пен 1,4 мың жер өңдейтін техника жұмылдырылды. Көктемгі далалық жұмыстарға ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 97% құрайды», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.

Айта кетейік, облыс бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 9,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыс бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Облыс бойынша 2,3 мың тонна тонна минералды тыңайтқыш және 264,2 мың литр гербицид сатып алуға келісімшарттар жасалды. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығына1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 2,1 млрд теңге несие берді. Тағы 1,1 млрд теңгенің жоба өтінімдері қарастырылып жатыр.



Соңғы жаңалықтар