Ақтөбеде 7 мыңнан астам көпбалалы ана бар

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардың арыз-шағымы мен өтініштерін тыңдап жатыр. 11-13 ақпан аралығында ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша 4 мекенжайда ашық есік күні ұйымдастырылды. Олар: Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандары әкімдігі, Т.Ахтанов атындағы драма театр ғимараты мен Халықтық кеңсе. Барлық мекенжайда білім, тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік көмек, коммуналдық қызметке қатысты жауапты мамандар отыр.

«Мен 5 баланың анасымын, күйеуім қайтыс болды Бір қызым ІІ топ мүгедегі. Біреуі студент, біреуі оқушы. Ал үлкен екеуі отбасылы болды. Ақтөбе қаласында пәтер жалдап жүргеніме 5 жыл болды. Өзім жұмыс істемеймін, мүгедек баламды бағып жүрмін. Қазір әкесінен айырылған 1 балама ай сайын 25 мың теңге аламын, ал мүгедек қызыма 47 мың теңге беріледі. Кіріс осы», - деді қала тұрғыны Гүлмира Әли. Қазіргі кезде балаларын өзі бағып отырған көпбалалы ана пәтер кезегіне тұрды. Ал 6 баланың анасы баспана кезегіне тұра алмады. Себебі, өзіне тиесіні жатақхана бөлмесі бар.

«Біз 8 жан 14 шаршы метр жерде тұрамыз. Үйде тамақ істеу үшін газ баллонын пайдаланамыз. Балаларым үшін қорқамын. №40 мектепте балаларым оқиды, тегін тамақпен қамтылмай отыр. Жағдайымыз қиындай түскен соң 6 айлық баламды күйеуіме қалдырып, өзім балабақшадағы бала күшушісі жұмысына қайта қосылдым», - деді қала тұрғыны Лида Шүлтікова.

Қабылдауға келген адамдардың көбі жер, баспана алу, әлеуметтік жәрдемақы жайын сұрады.

«Ақтөбе қаласы бойынша 7 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың 1600-і «Күміс алқа», 2 мыңға жуығы «Алтын алқа» иегері. Бәрі мемлекеттен 16 160 теңге арнайы жәрдемақы алып отыр. Әлеуметтік қолдау орталығынан атаулы әлеуметтік көмекті 795 отбасы, 4800 бала алып отыр. 2018 жылы барлығы 168 миллион теңге берілді. Биыл бұл жұмыс жалғасады», - деді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова. Қабылдаудың алғашқы күні 1 мыңға жуық ақтөбелік кеңес алды.

Соңғы жаңалықтар