Ақтөбеде №7 бағдардағы автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе қаласындағы №7 бағбардағы жолаушылар тасымалдайтын автобустың жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды. Олар күн сайын төлейтін жоспардың бір айда екі рет қымбаттағанына наразы, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ақтөбедегі жолаушылар тасымалының басым бөлігін өз міндетіне алған «Автопарк» ЖШС-нің жүргізушілері бүгін басшыларына наразылықтарын білдірді. Олар наурыз айының ортасында күніне 24 мың теңге тапсырса, екі аптадан соң жоспар құны 25 теңге болған. 2016 жылдың қыркүйегінен бері ай сайын қымбаттаған қоғамдық көлік жоспары бүгін көп адамды жұмыссыз қалдырды. Басшылар оларға ойланып, шешім шығаруға 2 күн берді.

«Жоспар қымбаттап жатыр. Айына 1-2 мың теңге қосып отыр. Біз 23 мың теңгелік жоспарды да орындай алмадық. Ал олар ештеңеге қарамастан тағы көтерді. Бұл біздің қолымыздағы жағдай емес. Адамдар қалай мінеді, солай тапсырамыз. Сенбі күні 18 мың теңге төлеп едік, оны 22 мың теңгеге, жексенбінің ақшасын 15 мыңнан 18 мыңға көтерді. Сұрағанымызда, 40 мың 45 мың теңге тапқан адамды мысалға келтірді. Оны есептедік, есебіне жете алмадық. Біз кондукторға береміз, өзімізді және оны тамақтандырамыз, жанар-жағармайды аламыз»,- деді Нұркен Жайбеков. Оның айтуынша, жүргізушілер жұмыс істеуге қарсы емес, тек жоспардың үнемі өзгеріп тұрғанына наразы.

Ақтөбедегі қоғамдық көлік жүргізушілері айына 40-50 мың теңге жалақы алып отыр. Отбасын асырап отырған жүргізушілер пәтер жалдап тұратындарын, несиелері бар екенін алға тартты. Ал олардың жұмыстағы әр қадамы ақылы. Мәселен, жүргізушілер күн сайын жұмысқа шыққан кезде ішімдік ішпегенін дәлелдеп, медициналық тексеруге 50 теңге ұстатып кетеді. Жоспарды орындап, ақша тапсырған кезде кассирге 100 теңге береді. Сонымен қатар, автотұраққа көлік қою ақылы.

«Жоспар көтермес бұрын бізде тексеру жұмыстары жүргізілді. Әр маршрутқа бақылаушы отырып, №7 бағыттағы автобусқа мінетін жолаушылардың саны есептелді. Сөйтіп, 14 наурыз күні жоспар қымбаттады. Қазір 25 мың теңге етіп көтеріп отырмыз. 28-29 қаңтар күндері әр жүргізуші 4-6 мың теңгеге жоспарды толтырмағанын білдік. Олар өзара келісіп алған деген шешімге келдік. Біз жүргізушілерді жұмыстан шығармаймыз, бірақ жоспарды орындауын қадағалаймыз»,- дейді «Автопарк» ЖШС-нің директоры Айбек Сәрсенғалиев.

Бүгін №7 бағытта жүретін 13 маршрут түгел шықпай қалды. Олардың орнына өзге бағытта қатынайтын 8 автобус жіберілген.

Соңғы жаңалықтар