Ақтөбеде 600 шаруа қожалығы төлге берілетін субсидиясын ала алмай отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 600-ге жуық шаруа қожалығы бұрын мемлекеттен алатын, малдың төліне бөлінетін субсидияны ала алмай отыр. Түйткілді мәселе кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі кеңес отырысында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемде фермерлер төлдің субсидиясын алуға өтініш тапсырған. Бірақ мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағдарламасында осы бағыттағы бюджет қаражаттары болмағандықтан, фермерлерге субсидия берілген жоқ. Фермерлер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінде субсидиялау бойынша өтініштерінің қабылданбағанын айтып шағым түсірген», - дейді кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Нұрлан Махамбетов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығын субсидияландыру бойынша жаңа ережелердің шығуын жарты жыл күткен. Ол үшін облыс әкімдігінің қаулысына өзгерістер енгізілген. Бірақ қазір облыстық басқарма жаңа ережелерді күтпей-ақ, бұрынғы ережелерді қайтарып, төлдеуге қатысты субсидияны бекітуге шешім қабылдады.

«Қазір біз ірі қараның төлдеуі бойынша субсидияларға өтініш қабылдап жатырмыз. Әкімдіктің қаулысына өзгеріс енгіздік, 15-20 күн ішінде қабылданған өтініштердің барлығына субсидия бере бастаймыз. Бірақ осы уақыт аралығында жаңа ережелер шықса, біз бұны тоқтатамыз», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Оның айтуынша, аудандарда «субсидия өтініштерін қабылдамай жатыр» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. 

Соңғы жаңалықтар