Ақтөбеде 540 үлескердің мәселесі инвесторлардың көмегімен шешілетін болды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде үлескерлердің мәселесін шешу үшін жаңа инвесторлардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. Қаладағы 11 тұрғын үй кешені келер жылы қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша 540 үлескер 11 тұрғын үй кешеніне қаржы аударған. Көбінде құрылыс жұмысы бірнеше жыл бойы тоқтап тұр. Қаржы тапшылығы, құрылыс материалының бағасы, сот процестері және өзге де факторлар кері әсерін тигізді. Проблемалық нысандарды тез арада пайдалануға беру және қиын жағдайға тап болған үлескерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмектесу үшін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен кешенді шаралар қабылданып, Құрылыс кооперативтердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы бекітілді.

Облыс әкімі Ақтөбедегі құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерін аралап, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын жеке өзі тексерді. Барлық 11 нысанды аяқтау үшін әлеуетті инвесторлар анықталды. Кейбір мердігерлерге катысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазіргі таңда барлық нысанда құрылыс жұмыстары басталды.
Атап айтқанда, Сафина тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жұмыстар 2020 жылы тоқтатылған. Себеп – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Мұндағы пәтерлердің 75%-ы сатылған. Бірақ, тұрғындар әлі күнге дейін баспанасына кіре алмай отыр.

4 қазанда облыс әкімдігінде өткен жиыннан кейін мердігер компания құрылыс-монтаж жұмыстарын жандандырған және жыл соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Нысан толығымен келер жылдың көктемінде пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ өңір басшысы «Кaspigroup», «Алаш Орда», «Жилище», «Жанғали», «Exclusive» тұрғын үй кешендерінде болып, құрылыс барысымен танысып, үлескерлермен кездесті. Жобадан ауытқып, құрылыс материалдарын ауыстырған «Жилище» тұрғын үй кешені сүріледі.


«Проблемалық нысандардың қатарында 2016 жылдан бергі жобалар бар. Құрылысшылар тұрғындардан тоғызқабатты үйдің құрылысына ақша алып, үйдің төрт қабатын ғана салған. Қалған қаражатқа жер учаскелерін сатып алып, мүлдем жоқ пәтерлерді сатып үлгерген. Шаралар қабылдауға тура келді. Ал басқа компанияларға қатысты нақты міндеттер қойылды: олар құрылысты толыққанды аяқтайды немесе өз міндетін уақытылы әрі сапалы орындайтын инвесторларға тапсырады. Біз қойған талаптарды орындап, істі соңына дейін жеткізуге дайын әлеуетті инвесторларды анықтадық. Ендігі іс құрылысшыларға байланысты. Өз кезегінде, біз қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. 2023 жылдың соңына дейін үлескерлерге қатысты мәселелерді шешетін боламыз», - деген облыс әкімі құрылысшыларға өз міндеттемелерін сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар