Ақтөбеде 52 адамның мерт болуы: Жүргізушілерді қамауда ұстау ұзартылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Самара-Шымкент» тасжолында Өзбекстанның 52 азаматының өртеніп кету оқиғасына байланысты автобус жүргізушілері 2 айға қамауға алынған болатын. Бүгін Ақтөбенің №2 қалалық соты санкция уақытын тағы бір айға ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, биылғы қаңтар айында «Самара-Шымкент» автожолында автобус өртеніп, 52 адам тірідей жанып кеткен болатын. Тірі қалған үш жүргізуші мен екі жолаушы санавиациямен облыс орталығына жеткізілді. Олардан оқиғаның мән-жайына қатысты жауап алынды. Кейін автобус жүргізушілері күдікке ілініп, ем-домдары аяқталған соң екі айға, яғни 24 наурызға дейін қамауға алынды.

Өзбекстан азаматтары мінген көлікті Оңтүстік Қазақстан тұрғындары - Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатаров басқарған  болатын. 

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізушілер тергеу жұмыстары аяқталғанша тағы бір ай қамауда отырады.

Ал Ақтөбе облыстық ІІД-нің мәліметіне сүйенсек, үш жүргізушіге айып тағылғанымен, автобус иесінен де жауап алынып жатыр. Жүргізушілер Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сот алдында жауап беретін болады. 

Соңғы жаңалықтар