Ақтөбеде 50 мың теңге пара алған полиция қызметкері кінәсін толық мойындады

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ескі танысының баласын әкімшілік жауапкершіліктен құтқарып қалмақ болған полиция қызметкері 50 мың теңге пара алған.

 Бүгін айыпталушы Айбек Ташпенов сотта бар кінәні мойындап, өкінетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбедегі әкімшілік полиция басқармасында жұмыс істеген Айбек Ташпенов осы жылғы 18 ақпаннан 19 ақпанға қараған түні Ақжар-2 ауылында күдікті көрінген көлікті тоқтатады. Себебі, жүргізуші құжатсыз, көліктің жарығын жақпастан ауыл ішінде жүрген.

«Көлік маған таныс көрінді. Бірақ есіме түсіре алмадым. Ол бұрын Темір ауданы, Саркөл ауылында көрші болған Қадыржан есімді танысымның баласы болып шықты. Ол үлкен баласының істі болғанын, екінші ұлының атын кірлемеу үшін көмектесуін, әкімшілік хаттама толтырмауды сұрады. Сол кезде 50 мың теңге сұрадым. Ол 20 мың теңге берді»,- деді айыпталушы Айбек Ташпенов.

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы 20 мың теңгені алған соң қалған 30 мың теңгені сұрап, жәбірленушіге телефон шалған. Айбек Ташпенов 30 мың теңге пара алу кезінде ұсталып, сотта бар кінәсін мойындады.

«Отбасым, бала-шағам бар. Жазаны жеңілдетуді сұраймын. Бар кінәні мойындаймын»,- деді сотта А.Ташпенов. Қазіргі уақытта іс қысқартылған тәртіпте өтіп жатыр. Осы аптада Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша қылмыстық іске сот үкімі шығады. Бұрынғы полиция қызметкері 2,5 миллион теңге айыппұл төлеп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы құқық қорғау саласында еңбек ете алмайды. 

Соңғы жаңалықтар