Ақтөбеде 4 басқарушы компанияның басшылары жұмыстарынан босатылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қаланы абаттандыру бойынша өз міндеттерін орындай алмаған 4 басқарушы компанияның басшылары қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінде өткен жиналыста абаттандыру және дамыту бойынша жұмыс топтарының қызметтері қаралды. Осыдан бір ай бұрын өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Ақтөбедегі қоқысты жинау, абаттандыру және құрылыс бойынша түйіткілдерді шешу үшін үш жұмыс тобы құрылды. Оларға облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлға ретінде бекітілді.

Абаттандыру бойынша жұмыс тобының басшысы Мавр Абдуллин мәлімдегендей, өткен айда міндеттерін орындай алмаған 4 басқарушы компанияның басшылары қызметтерінен босады.

М. Абдуллин Ақтөбеде 30 мың шаршы метр жаяужол плиткалары төселгенін, 5 фонтанның жөнделіп, қоқыс полигоны аумағының толықтай қоршалғанын атап өтті. Ақтөбе қаласындағы орталық базар мен оған іргелес аумақтардағы санитарлық нормалардың бұзылуын жоюда ауқымды жұмыстар атқарылды.

Облыс әкімі жұмыс топтарының қызметін мақұлдап, тәртіпке келтіру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Барлық бақылаушы органдар жұмысты күшейтулері тиіс. Бұл сондай-ақ, жергілікті полиция қызметіне де қатысты. Басқарушы компаниялар өздерінің резервтерін іске қосып, тиімділіктерін дәлелдейтін уақыт жетті», - деп атап көрсетті өңір басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов басқаратын жұмыс тобына әлеуметтік нысандар құрылысының, күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуын қатаң бақылау жүктелді. Биыл облыста кем дегенде 870 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 8000 жаңа пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Ақтөбе қаласы әкімдігінен, құзырлы мемлекеттік органдардан, сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындардан қала тұрғындарының қазіргі маңызды мәселелерін, соның ішінде қоғамдық көлікке қатысты жұмыстарды жедел шешуді талап етті.

 

Соңғы жаңалықтар