Ақтөбеде 34 мұғалім жалған дипломмен балаларға сабақ беріп келген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жалған дипломы бар мұғалімдер мектепте жұмыс істеп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуратурасы білім заңнамасының қолданылуына талдау жүргізді.

«Ақтөбе қаласының білім мекемелерінде жоғары оқу орнының дипломы бар, бірақ жалған құжат рәсімдеген 34 педагогтың жұмыс жасайтыны анықталды. Оның 13-і - мектепке дейінгі білім саласында, 11-і - орта мектептерде сабақ береді, 7 адам - колледж оқытушысы ретінде, 3-еуі - өзге де білім мекемелерінде еңбек етеді. Мәселен, бес оқытушының фортепиано мамандығы бойынша жоғары білім алғаны туралы дипломы бар. Олар қазір музыка колледжінде еңбек етеді. Алайда, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мәліметіне сәйкес, университет аталған пән бойынша мамандарды оқытып шығармайды. Талдау нәтижелері бойынша көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлілерді жауапқа тарту, сондай-ақ жасанды диплом әзірлеуді жүзеге асырған тұлғаларды анықтау үшін материалдар ішкі істер органдарына жолданды», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, прокуратура Ақтөбе қаласы әкіміне және білім бөлімінің атына заңбұзушылықты жою жөнінде ұсыныс берді.
«Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры жоғары білім туралы жалған құжаттарды әзірлеу және сатумен айналысатын 19 интернет-сайттың қызметін тоқтату үшін сотқа жүгінді. Аталған талап-арыз Ақтөбе қаласы №3 сотының шешімімен толық көлемде қанағаттандырылып, осы сайттардың қызметі заңсыз деп танылды әрі оларға Қазақстан Республикасының аймағында тыйым салынды», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.



Соңғы жаңалықтар