Ақтөбеде 300-ден астам жас сенбілікке шықты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жастар сенбілікке шығып, саябақты тазартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының жастары екі айлық тазалық акциясына қатысты. Барлығы 350-ден аса ерікті мен белсенді өңір басшысымен бірге шағын бақты тазалады.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов студенттерге, еріктілерге, жастар ұйымдары мен өңір тұрғындарына, кәсіпкерлерге туған өлкесіне бей-жай қарамай, сенбілікке белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.

«Халқымызда ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Міне, біз бірнеше күннен бері қаламызды тазартып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жалпықалалық сенбілікке қатысып жатырмыз. Тазалық – тазалаған жерде емес, айналаны таза ұстаған кезде ғана болады. Ауламыз таза болса ой-санамыз да тазарады, бойымыз сергіп, көңіліміз көтеріледі. Сүйікті қаламыздың тазалығы баршамызға ортақ іс, жас буынға үлгі-өнеге, сырттан келген қонақтар үшін тұрғындарымыздың абыройы. Өскелең ұрпаққа жан жағын таза ұстап, ластамауға үндеу, шашпауға шақыру аға буын мен әрбір азаматтың борышы, азаматтық парызы. Әрбір адамның жеке жауапкершілігі. Сенбілік басталғалы бері қаламыздың тұрғындары, бизнес өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жеке секторлардың мамандары, жігерлі жастарымыз белсене қатысты. Бұл игілікті іс бүгінмен бітіп қалмайды, өз жалғасын таба беретін болады. Кішкентай Отанымыздың гүлденуі, қаламыздың өсіп-өркендеуі жолында баршаңызды бір адамдай жұмыла атсалысуға шақырамын»,- деп атап өткен облыс әкімі қоғам өміріне белсенді атсалысып жүрген 13 студент пен еріктіге алғыс хат табыс етті.

Олардың қатарында Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға қолдау көрсеткендер де бар. Жалпы 70 студент пен ерікті облыс әкімінің алғыс хатына ие болды.

Айта кетейік, тазалау мен абаттандыру бойынша екі айлық 17-қыркүйекте басталып, 4-қарашаға дейін жалғасады.

24-қыркүйекте өңірдің 22 мыңнан аса тұрғыны, жүзден аса кәсіпкерлік ұжымы, мектеп пен медициналық мекеме жалпыоблыстық сенбілікке шықты.

Екі сенбілікте мыңнан астам көше, 200-ге жуық саябақ, шағын бақ қоқыстан тазартылып, 3 мың тонна қоқыс шығарылды.

Сонымен бірге 261 шақырым жол тазартылды. Заңды және жеке тұлғаға абаттандыру ережелерін бұзғандары үшін 955 ұйғарым шығарылса, 93 адамға 4 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар