Ақтөбеде 3 мыңнан астам ресейлік ЖСН рәсімдеді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында бір аптаға жуық уақытта 3 мыңнан астам ресейлік ЖСН алды. Халықтық кеңседе оларға бөлек терезеден қызмет көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында Жайсаң және Әлімбет шекара бекеттері жұмыс істеп тұр. Қазіргі кезде қалаға келген ресейліктерге мемлекеттік орган өкілдері мен полиция қызметкерлері құқықтары мен көші-қон талаптарын түсіндіріп жатыр.

«e-Qonaq» қосымшасы арқылы 21-қыркүйектен бастап 2137 ресейлік, хабарлма бойынша 814 азамат тіркелді. Біз ресейліктермен қатар өңір тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шетелден келген адамдар үш күн ішінде тіркелуі керек. Пәтерін жалдап, үйіне қонақ күткен адам көші-қон қызметіне хабарлама беруі тиіс. Егер хабарлама болмаса, әкімшілік жауапқа тартылады», - деді облыстық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Эльмира Болтаева.

Айта кетейік, Халықтың кеңседе ресейліктер қазіргі кезде ЖСН алып жатыр. 22-қыркүйекте 300-ден астам, кеше 1300, ал бүгін 1500-ге жуық азамат құжат рәсімдеді.

«Қазіргі кезде қосымша қызмет көрсету орнын ашу жоспарланып жатыр. Ол туралы қосымша хабарлама береміз. Ресейліктер ЖСН-ді банктік қызмет үшін қажет деп отыр. ЖСН алуға еш кедергі жоқ. Қызмет көрсету орны 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бүгінде бір терезе тек соларға қызмет көрсетуге бағытталды», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ АФ директоры Даримбет Байымбетов.

Еске салсақ, Қазақстандағы жеке және заңды тұлғалар шетелден келетін қонақтарын қабылдайтыны туралы ішкі істер органдарына хабарлауы тиіс. Заң бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұханбет айтты.


Соңғы жаңалықтар