Ақтөбеде 3 мың студентке жатақханада орын жетпейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Үш мыңға жуық ақтөбелік студент жатақханада кезекте тұр. Бұл туралы Ақтөбе облысының кәсіпкерлер Палатасы алаңында ұйымдастырылған кездесу барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында Білім және ғылым министрлігінің және Қаржы орталығының мамандары студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі бастаманы жүзеге асыру механизмі туралы айтты. Оған жергілікті ЖОО, колледждер, бизнес субъектілері және «Атамекен» палатасының сарапшылары қатысты. Негізі үш мыңға жуық ақтөбелік студент жатақханада кезекте тұр. «Мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизміне сәйкес жаңа жатақхана салу кезінде жыл сайын әрбір төсек-орын үшін 122 АЕК, ғимаратты жатақхана ретінде қайта жаңарту кезінде 47 АЕК төленетін болады. Төлем кезеңі - сегіз жыл», - деді »Қаржы орталығы« АҚ департаментінің директоры Біржан Әлімжанов.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының 16 білім беру мекемесінде оқитын 2 960 студентке жатақханадан орын қажет. Өңірде 2960 орындық 9 жатақхана 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның 1 мың орынды жатақханасы екі жоғары оқу орны, 1960 орынды жатақханасы 14 колледж үшін бой көтермек. Жатақхана салуға 8 жер телімін беру жоспарланған. Барлығы 5 нысан бойынша типтік жобалар пайдаланылатын болады. Бір жатақхананың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Ал үш жатақхана жұмысы әлі мүлде жоспарланбаған. »Қаржы орталығы« АҚ өкілдерінің ақпараты бойынша, ЖОО немесе колледж шығындарын азайту мақсатында инвестор ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген дайын типтік жобаларды пайдалануға құқылы. «Жатақханаларды жалға алу мерзімі - 20 жыл. Осы мерзім аралығында ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Жоғары оқу орындары студенттерге тұрғын үй береді, алынған табыстың бір бөлігі құрылыс салушыларға түсетін болады» - деді Біржан Әлімжанов. Мамандар бұл мемлекетке, кәсіпкерге, білім беру мекемесіне және студенттерге тиімді деп санайды.

Соңғы жаңалықтар