Ақтөбеде 3,8 млрд теңгеге Мұз сарайы салынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған Мұз сарайы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс-2 ауданында бой көтерген мұз сарайының құны 3,8 миллиард теңге. Инвесторлар - словакиялық «H+H TECHNIKА» компаниясының үлесі - 70 пайыз.

«Дүниежүзі бойынша отыздан астам кәсіби мұз айдынын салдық. Бұл - Қазақстандағы алғашқы жобамыз. Арена дүниежүзілік технологияларға толықтай сай келеді. Тіпті әлем чемпионатын өткізуге де болады. Мұз сарайларына қажетті жабдықты 1993 жылдан бастап өзіміз шығарамыз әрі жыл сайын технология жаңғырып келеді. Мұнда мұз температурасын бақылап отыруға, секторлардағы түрлі температураны қалыпты режімде ұстап тұруға болады. Сонымен қатар, «Ақтөбе» хоккей командасының құрылуына көмектесіп, бұдан бұрын Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған «Ертіс» командасын жаттықтырған Юлиус Пензесті Словакиядан бас жаттықтырушы ретінде шақырдық»,- деді «H+H TECHNIKА» құрылтайшыларының бірі Ян Хован.
null 

Мұз сарайының ашылуына орай мұнда хоккейден ҚР жастар чемпионаты аясында «Ақтөбе» мен Петропавлдың «Құлагері» матч өткізді.
null 

«Бұл - тарихи күн. 28 жылдан кейін ақтөбеліктер Қазақстанның жастар хоккей лигасына қатысып отыр. Бұл - Елбасы тапсырмасын орындау, бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстары. Ақтөбеліктердің қысқы спорт түрлерімен айналысуы үшін инфрақұрылым дамып келеді. Бұған дейін «Олимп»  хоккей модулі салынған болатын. Мұнда қазір 900-ге жуық бала жаттығады. Жақында ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, онда бұқаралық спортты одан әрі дамыту және заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу міндетін қойды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», - деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнда кез келген адам жаттыға алады. Мұз сарайында хоккеймен қатар, мәнерлеп сырғанаудан, баскетбол, шағын футбол, бокс, үлкен теннис және гимнастикадан кәсіби жарыстар өткізуге болады. Арена 2500 орынға есептелген.
null null 

Ал «Ақтөбе» мен «Құлагер» командаларының кездесуі 7:1 есебімен аяқталып, ақтөбеліктердің пайдасына шешілді.

 

Соңғы жаңалықтар