Ақтөбеде 22 мың жұмысшының еңбекақысы өседі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 2020 жылы 28 ірі және орта кәсіпорын 22 мың жұмысшының еңбекақысын өсіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының 2019 жылғы жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қорытындыланды.

«Облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 105,7% құрап, өнеркәсіп – 105,9%, инвестиция – 107,5%, ауыл шаруашылығы – 103,7%, бөлшек және көтерме сауда – 104,9%, құрылыс – 105,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 112,4% құрады» - деп атап өтті облыс әкімі.
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың айтуынша, үш жыл қатарынан өңірдің экономикалық өсімі 5% құрап, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш көлемі артқан. Қазір облыста тау-кен өндіру секторында 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жыл сайын шамамен 6 млн тонна мұнай өнімдерін, 6 млн тонна хром рудасы, 4,5 млн тонна хром концентраттары, 3 млн тонна мыс кендерін өндіреді.

Өткен жылы облыста 1,02 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру үшін 7,5 млрд теңге бөлінеді. Құны 31,9 млрд теңгені құрайтын 98 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда республикалық және облыстық бюджеттің қаржыландыруы есебінен жалпы құны 4,3 млрд теңгеге 15 газдандыру жобасы жүзеге асырылуда. Сумен жабдықтау жұмысы кезінде құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 16 жоба қолдау тапқан. Облыс әкімі осы тұста құрылысы ұзаққа созылған нысандарды сынға алды.

Айта кетейік, өңірде 2 мыңнан астам кәсіпорын 75 мың қызметкерінің жалақысын орта есеппен 10-15% көтерді. 2020 жылы 28 ірі және орта кәсіпорын 22 мың қызметкердің еңбекақысын арттыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлік бағытында даму институттары арқылы қаржыландырудың барлық көздерінен 2,1 мың кәсіпкерлік субъектісіне 33 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
«Жыл қорытындысының көрсеткіші жаман емес, дегенмен шешуді қажет ететін кемшіліктер де жетерлік. Әрқайсысыңыз өз салаларыңызға қатысты қорытынды шығарып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өңір экономикасының дамуына жұмылып жұмыс істеу керек»,- деді Оңдасын Оразалин.



Соңғы жаңалықтар