Ақтөбеде 21 жылдан кейін адамды зорлау және өлтіру қылмысының беті ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 1996 жылдың қаңтар айында болған қылмыстың беті ашылды.

Украина түрмесінде жазасын өтеп жатқан 56 жастағы азаматтың апалы-інілі екі адамның өліміне қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1996 жылдың қаңтар айында Ақтөбе облысы Мәртөк ауданына қарасты Қаратаусай ауылында 1966 және 1979 жылы туған екі адамның мүрдесі табылды. Жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, апалы-інілі екі адамды өз үйлерінде өлтірген. Кейін жәбірленушінің 1990 жылы туған қызын алып кеткені анықталды. Оқиғаға байланысты облыстық Ішкі істер департаментінің тергеу тобы екі куәгерден жауап алып, күдіктіні анықтады.

«ТМД елдеріндегі әріптестермен бірлесе Ресей мен Украина территориясында дәл осы оқиғаға ұқсас қылмыстың тіркелгені анықталды. 1996 жылы Тамбов облысының Новохмелев ауылында 6 адамның өлімі тіркелген. Сол адамдар арасында Ақтөбенің 1990 жылы туған аталмыш азаматы бар екені анықтады. Екінші қылмыстық оқиға сол жылдың ақпан айында тіркелді. Қылмыскер Курск облысында екі адамды өлтірген. ТМД елдерінің құқық қорғаушыларымен арадағы жұмыс кезінде үш қылмыстық оқиға бір адамның қолымен жасалғаны анықталды. Ол жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, кейін жәбірленушілерді өтірген. Қазір 1961 жылы туған қылмыскер Украинадағы Хмельницк облысында жазасын өтеп жатыр»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы Болат Кушкалиев.

Айта кетейік, қылмыскердің фотосын көрген Ақтөбе облысындағы екі куәгер оны бірден таныған.

«Украинаға облыстық ІІД-нің аса ауыр істер бойынша аға тергеуші барып келді. Күдіктіден жауап алынды. Генетикалық сараптама жасалып, күдіктінің 1996 жылдың қаңтарында Мәртөк ауданының екі тұрғынын өлтіргені анықталды. Қылмыстық іс ҚР Бас прокуратурасы арқылы Украинаға жіберілді»,- деді Болат Кушкалиев.

Соңғы жаңалықтар