Ақтөбеде 16 мектеп директоры мен 19 балабақша меңгерушісінің орны бос тұр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 16 мектеп директоры мен 19 балабақша меңгерушісінің орны бос тұр. Жалпы балабақша мен мектептерде 99 маманға сұраныс бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті былтыр 123 білім беру ұйымына тексеру жүргізді. Мектептерде оқу жоспарларының үлгілік оқу жоспарына сәйкес келмеуі, шағын орталықтар мен мектепалды даярлық сыныптарына арналған пәндік дамыту ортаның қалыптастырылмауы, топтарды жасақтағанда жас ерекшеліктерінің ескерілмеуі анықталды.

«Балабақша мен мектептерде 99 маман жетіспейді. Басым көпшілігі Хромтау, Темір, Ойыл аудандарында. Бос орындардың 17-де бейіні сәйкес келмейтін адамдар жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар 16 мектеп директорының, 19 балабақша меңгерушілерінің орны бос тұр.

Ал Әйтеке би ауданында 2017-2018 оқу жылдарынан бері бірнеше балабақша меңгерушісінің орны бос», - деді Ақтөбе облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева.

Педагогикалық әдеп және оның құқықтарын қорғау мәселелері бойынша облыс педагогтерінен 126 өтініш пен шағым, сұрақ түскен. Қаралған өтініштердің қорытындысы бойынша білім беру ұйымының басшылары мен педагогтеріне әдеп нормаларын бұзғаны үшін 3 ескерту, 2 сөгіс, 3 әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар Хлебодар ОМ (газет-журналға жазылуға міндеттеу), Благодар ОМ (түнгі рейдтерге міндеттеу) шағымдары бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Биыл 166 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестация жүргізу жоспарланған. Мемлекеттік аттестация басталғалы 33 мектептің 4, 9, 11-інші сыныптардың 2381 оқушысынан тест сынамалары алынып, білім сапасы 21,6 % құрады.

«Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екені мәлім. Білім беру ұйымдарының барлығында бейнекамералар орнатылған. Алайда, толық жинақталған мектептердің 24,6%, шағын жинақталған мектептердің 36,9% бейнебақылау жүйесі талаптарға сәйкес келмейді (Ақтөбе қаласы, Алға, Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Ойыл, Темір аудандарында). Былтыр қараша, желтоқсан айында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 25 мемлекеттік колледждің біреуі ғана арнайы күзетпен қамтылғаны белгілі болды. Олар күзет мекемесімен келісімшарт жасаған («Ақтөбе автожол колледжі» МКҚК), 10 колледжде турникет орнатылған. Ал 24 колледждің бейнебақылау жүйелері талаптарға сәйкес келмейді», - деді Бұлбұл Күзембаева.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы Қызылжар орта мектебінің және Байғанин техникалық колледжі жатақханасының ғимараты апатты жағдайда екені анықталып отыр.


Соңғы жаңалықтар