Ақтөбеде 153 жылыту бекеті дайындалды
Ақтөбе облысында қар басу қаупі басым 154 учаске бар. Тасжолдың бәрі қазір бақылауға алынған. Ал 153 жылыту бекетінің 15-і республикалық жол бойында орналасқан. Сыйымдылығы 10 мың адамға шақталған.
«Көктайғақ, қар аралас жаңбырдан Самара – Шымкент тасжолы 15 рет жабылып, қайта ашылды. Жолаушылар далада қалмас үшін жергілікті полиция қызметі көмек көрсетіп, күні-түні қамқорлық жасады. Ақтөбе мен Орынбор арасындағы меморандумға сәйкес көрші елде жол уақытша жабылса, дереу хабарлап бірдей шара қолданамыз. Қазір техниканы толықтырып, қыс бойы уақтылы жолды қардан тазартуға күш саламыз», - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ АОФ директоры Марат Махамбетов.
Қараша айынан бері жолда 75 адам құтқарылып, 200-ден астам жолаушы эвакуацияланды. Сонымен қатар 12 адам ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, жылыту маусымы басталған кезде Ақтөбеде қайғылы оқиға да жиіледі.
«Жылу беру маусымы басталғаннан бері 4 адам қаза болып, екеуі жараланды. Құршасай ауылында үйде өрт шығып, азаматтық некедегі 55 және 57 жастағы ерлі-зайыпты оқиға орнында, күйік шалған тағы біреуі ауруханада көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша темекі сөндірілмей, арты өртке ұласқан. Тұрғын үйлер өрт қауіпсіздігін сақтап, абай болған жөн», - деді облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Асқар Төлешов.