Ақтөбеде 15 мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өткен жылы Ақтөбеде 59 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды. Биыл 15 адам заң алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов бүгін «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне барып, тұрғындардың сұрағына тікелей эфир арқылы жауап берді. Өңірде сыбайлас жемқорлық дерегі көбіне құқық қорғау саласында тіркеледі.

«Еліміз бойынша Ақтөбеде құқық қорғау қызметкерінің саны көп. Өңірде 4 мыңға жуық қызметкер бар. Сыбайлас жемқорлығы осы салада және жергілікті әкімдік, білім, денсаулық сақтау саласы бар. Биыл да полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов.

Тікелей эфир кезінде мемлекеттік қызметшілердің түрмелерге экскурсия жасап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шарасы да сұралды.

«Бірнеше экскурсия болды. Сол экскурсиядан кейін мемлекеттік қызметкерлер өздеріне ой түйгенін айтты. Бұл шара сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік берсе, жалғастырамыз», - деді Мирлан Мұхамбетов.

Айта кетейік, Ұлттық бюроның облыстық департаменті 2019 жылдың 3 айында 53 қылмыстық істі тіркеді. Оның 45-і жемқорлыққа қатысты. Жемқорлыққа қатысты істің 9-ы бюджет қаржысын жымқыру, жетеуі пара және 31-і қызметін асыра пайдалану. Істі болғандардың арасында мемлекеттік қызметшілер бар. Оның екеуі облыстық, аудандық деңгейдегі басшы, төртеуі құқық қорғау саласынан.

Барлығы 43 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Істі болған басшылар арасында Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенова да бар. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар