Ақтөбеде 138 сәбиге baby-бокс сыйға берілді
2021 жылғы 20 желтоқсан 04:22

Ақтөбеде 138 сәбиге baby-бокс сыйға берілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында дүниеге келген 138 сәбиге Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай baby-бокс сыйға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сүйінші» сыйлығы Ақтөбеге де жетті. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және баланың туу туралы куәлігі бар.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.
16 және 17 желтоқсанда туған балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, Қазақстан азаматының алғашқы құжатын ресімдеу үшін АХАЖ органдарына жолдады.
«Сәби өмірге келгеннен кейін оларға баланың бірінші құжатын проактивті түрде рәсімдеу ұсынысымен смс келеді. Сондай-ақ, өтінішті портал немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беруге болады. Біздің қызметкерлер перзентханаларға барып, босанған әйелдерден тікелей өтініш алды. Ақтөбе облысы бойынша мереке күндері 138 сәби дүниеге келді. Қызметкерлер құжаттарды одан әрі жедел дайындау үшін АХАТ-қа жіберді», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Дәрімбет Баймбетов.
Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптарын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды.


Jańalyqtar

MURAǴAT