Ақтөбе: Топырақ астында қалған балалар оқиғасына сот үкімі шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбеде жағажайда топырақ астында қалған балалардың оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 Ақтөбе қалалық сотында іс Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша қаралды.

Нәтижесінде, сот жағажай иесі Арман Қазбаевты айыпты деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Арман Қазыбаев Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша айыпты деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтейді. Сонымен қатар 3 жылға мәдени-сауықтыру кешендеріне басшылық жасау құқығынан айырылды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, Арман Қазыбаев жәбірленуші Анастасия Ермейчукке 1,5 миллион теңге, Кристина Каюдаға 100 мың теңге төлеуге міндеттелді. 

Еске салсақ, биыл шілде айының соңында Ақтөбе су қоймасының «Інжу» жекеменшік жағажайында демалушылардың үстіне жардан бөлінген топырақ массасы құлады. Зардап шеккен екі баланың бірі аса ауыр жарақаттар алды. Кейін іс сотқа жетіп, жәбірленушілер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Жарыссөз кезінде айыпталушы, жағажай иесі Арман Қазбаев өз кінәсін мойындамады. Жәбірленуші тарап одан 2,5 миллион теңге моральдық және материалдық шығын өндіруді сұрады. 

Соңғы жаңалықтар