Ақтөбе теміржол вокзалы: Ақылы автотұрақ пен билет алу кезегіне шағым көп

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» жобасы Ақтөбе теміржол вокзалына рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің теміржол вокзалы маңындағы автотұрақ 5 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. 2018 жылдың соңында автотұрақты сенімгерлік басқаруға алған «Ақтөбе паркинг» компаниясы әр көлік үшін 100 теңге алады. Ал ГАЗель-ге 150, автобусқа 300 теңге бекітілген. Сонымен қатар автотұрақ қызметі 15 минутқа тегін. Бірақ бұл туралы еш жерде жазылмаған, қызметкерлер де келушілерге ескерту жасамайды.

«Қалалық әкімдікпен бірге жасалған автотұрақ 365 орынға арналған. Кіреберісте 15 минут ақысыз деп жазылмаған. Тазалық сақталмаған, аумақ лас. Автотұрақтың 20-30 пайызын такси қызметі иеленіп отыр. Олардың лицензиясы бар-жоғы белгісіз. Қызмет автоматтандырылмаған соң шынайы көрсеткіш білінбейді», - деді «Адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Жанболат Тортаев.

Жолаушылары Ақтөбе теміржол вокзалына барып, билет сатып алу үшін 1 сағат уақытын сарп етеді. Рейд кезінде жолаушылар мұны растады.

«Билет сатып алу үшін вокзалда отырғаныма 40 минут болды. Әлі кезегім келмеді. Жанымызда бір үлкен кісі отыр, ол екі рет элекронды кезек нөмірін алған, екеуі де өтіп кеткен. Ешкім айтып, жол сілтемеді. Кем дегенде 1 - 1,5 сағат отырамыз, ешқандай жағдай жасалмаған. Көбі күтіп, жекеге кетіп қалады», - деді жолаушы Арман Мұхамбетов.

Айта кетейік, Ақтөбе вокзалында 7 касса жұмыс істесе, оның екеуі ақылы. Теміржол вокзалы алдағы уақытта касса санын тағы арттырмақ.

«Бізде электронды кезек бар. Алдағы уақытта қызмет көрсету кассасының санын арттырамыз. Талап бойынша 1 адам билет алуы үшін 30 минут күтуі қажет. Бірақ үзіліс кезінде немесе топтық билет рәсімдеуде жолаушылар ұзақ уақыт күтіп қалады. Негізі ақылы немесе теміржолдың кассасына билет бірдей беріледі, кім бірінші рәсімдесе, сол алады. Біз заңсыз билет сатуға тосқауыл қою үшін жұмыс істеп жатырмыз. «Жолаушылар тасымалы» АҚ, вокзал бірлесіп, комиссия тексеруінен соң нәтиже шығарамыз», - деді Ақтөбе вокзалының бастығы Тойбазар Қуанышев.

Оның айтуынша, жолаушылар ақылы автотұраққа жиі шағым айтады.

Соңғы жаңалықтар