Ақтөбе су қоймаларының еріген қар суын қабылдауға дайындығы қандай

None
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе су қоймаларында су сақтайтын орын жеткілікті. Қазіргі кезде өзеннің су жүру арналары да тазартылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы маңында Ақтөбе және Сазды су қоймалары бар. Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы – 245 млн текше метр.

Әлі 115 млн текше метр су қабылдауға болады. Сазды су қоймасының сыйымдылығы – 7,5 млн текше метр.

Қазір 3 млн текше метр су бар. Ал өңірдегі ең ірі Қарғалы су қоймасында 280 млн текше метр су қабылдауға болады.

Қазір сыйымдылықтың 185 млн текше метрі бос.




Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының су қоймаларының су қабылдауға дайындығын тексерді.

«Сазды су қоймасының жобалық қуаты – 7,5 млн текше метр, қазір су қоймасы тағы 4,5 млн текше метр суды қабылдай алады. Мұздың қалыңдығы - 85 сантиметр. Тұрақты бақылау, қауіпсіздік мәселелері – назарымызда»,-деді «Қазсушар» РМК филиалының директоры Мырзабай Нұртазин.

Нысанды қарап шыққаннан кейін облыс әкімі су қоймасының айналасын қамыстан тазарту секілді тапсырмалар берді.




Сондай-ақ, өңір басшысы Жіңішке өзені арқылы өтетін пайдаланылмаған ескі көпірді бұзу жұмыстарының барысын тексерді. Бес күн бұрын басталған жұмыс аяқталуға жақын.

Бұл шара өзен арнасы арқылы еріген қар суы мен мұздың кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді.

Сөйтіп жақын маңдағы бау-бақша ұжымдарын су басу қаупінен сақтайды.

«Облыс әкімі өнеркәсіп аймағында орналасқан қар полигонын аралап көрді. Мұнда Шанхай аумағынан шығарылған қар жиналады. Полигон жер бедерін ескере отырып орналасқан. Қар ерісе де аумаққа қауіп төндірмейді. Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов су тасқынына қарсы штаб мүшелеріне су тасқынының салдарын болдырмау және төмендету бойынша мониторингті күшейтуді тапсырды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.





Соңғы жаңалықтар