Ақтөбе шаруалары егіс алқаптарын арттыруға Еуропалық банктен несие алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтөбеде суармалы жер көлемі 8,5 мың га артады. Шаруалар Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір аптадан соң Ақтөбе облысында дән себу жұмыстары басталады. Қазіргі кезде өңірге қажетті 8 800 тонна дизель отынның басым бөлігі жеткізілді. Мамыр айында қалған 3 800 тонна жанармай әкелінеді. Өңірде егіс құрылымы 15 пайызға артып отыр. Яғни, дәнді, майлы дақылдар өсіру, мал азығы, көкөніс егу көлемі артады. Суармалы әдісті пайдаланатын шаруалар да жұмысын бастады.

«Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы бес аудан шаруалары несие алады. Несие барлығы 30-дан астам шаруашылыққа тиді. Олардың арасында «Пригородный», «Болат ЛТД» серіктестіктері, «Серік», «Тау» шаруа қожалықтары, «Тұлпар» АҚ, «Жантізер» ШҚ бар. Хромтау, Қарғалы, Алға, Мәртөк аудандары мен Ақтөбе қаласы шаруалары автоматтандырылған жүйені пайдаланады. Олар телефондағы қосымша бағдарлама арқылы кез келген нүктеден егіс алқабын бақылайды, ылғал мөлшерін анықтайды», - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе шаруаларына Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала» бағдарламасымен 236 миллион теңге бөлінді. Несие екі пайызбен шаруалардың қолына тиеді. Егіс жұмыстары аяқталған соң, яғни, 1 қарашада қаржы кері қайтарылуы тиіс.

«Агробизнес - 2020» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 136 миллион теңге бөлінді. Оның 974 миллион теңгесі аудандардағы несие серіктестіктері арқылы үлестіріледі. Несие 14 пайызбен беріліп, 7 пайызы субсидияланады. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасымен де несие беріледі. 

Соңғы жаңалықтар