Ақтөбе прокурорлары әлеуметтік орталықта балаларды ұрып-соғу дерегін тіркеді

None
Фото: Shutterstock
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық прокуратурасына №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қызметкерлердің балаларды ұрып-соққаны туралы хабар түсті. Тексеру кезінде дерек расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық прокуратурасы таратқан мәліметке сүйенсек, хабарлама түскен соң прокурорлар қорғаншылық және қамқоршылық органы, Ақтөбе облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы өкілдері, полиция және медицина қызметкерлерін ертіп, тексеру жүргізді.

«Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу арқылы № 1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің балаларды ұрып-соғу фактісі анықталды. Осы факті бойынша Ақтөбе қаласының прокуратурасы қылмыстық іс қозғап, тергеу үшін Ақтөбе қаласының полиция басқармасына жолдады»,- деп жазылған хабарламада.

Еске салсақ, Ақтөбенің Шалқар қаласында 2 жасар сәби әжетхана шұңқырына түсіп кетіп, мерт болды.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, сол күні анасы өзге баласын алып, облыс орталығына кеткен. Ал әкесі жұмыста болған.

Үйіндегі туыстарының баласы әжетханаға барып, қатты жел тұрғанда есігі жабылмай, сәби құлаған. Баланы шұңқырдан туысы алып шығып, дәрігерлерге жүгінді.

Оны кейін санавиация қызметімен қалаға жеткізді. Бірақ бала бірнеше күннен соң көз жұмды.

Оның ата-анасына қатысты Қылмыстық кодекстің «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабы бойынша іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар