Ақтөбе полициясы мектеп-гимназиядан жарылғыш зат іздеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық ПД құжатпен қамтамасыз ету бөліміне мектеп-гимназия ғимаратында «бомба бар» деген хабарлама түсті. Полиция ақпараттың рас-өтірігін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің құжатпен қамтамасыз ету бөліміне «қаладағы Тургенев көшесінде орналасқан мектеп-гимназияға жарылғыш зат қойылды» деген хабарлама түсті.

«Барлық шұғыл қызмет пен саперлер тобы дереу оқиға орнына шығып, ғимаратта жарылғыш құрылғылардың бар-жоғын тексерді. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Полиция департаменті анонимді хабарламаның авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, бұған дейін 1 және 2 қыркүйек күндері 6 мектепке «бомба қойылды» деген ақпарат тексерілді. Ол кезде де жарылғыш зат табылмады. Күдіктілер әлі ұсталмады.


Фото: polisia.kz
Соңғы жаңалықтар