Ақтөбе полицейлері ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлері, қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жұбайлары ішкі істер органдары қызметкерлері мен қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан ұлттық ұлан әскери қызметшілер ескерткішіне гүл қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінде Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті.

Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин және қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жұбайлары іскі істер органдары қызметкерлері мен қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне арнап монументке гүл қойды.

Салтанатты шарада Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов Ішкі істер органдары қызметкерлерін, Ұлттық ұлан ардагерлерін және жеке құрамды Қазақстан полициясы күнімен құттықтады.

Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұрлан Таушанбаев пен Анықтау басқармасы бастығының орынбасары Эльмира Суликановаға мерзімінен бұрын полиция полковнигі атағы, Ембі полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Сәкеновке бір саты жоғары полиция майоры, Байғанин полиция бөлімі патрульдік полиция қызметінің инспекторы Нұрдәулет Бақытовқа полиция капитаны арнаулы атағы берілді.

Ал «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Ақтөбе қаласы ПБ бастығының орынбасары Мақсат Шляшев марапатталды.

Сондай-ақ, 6 қызметкер І дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, бір қызметкер ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен, 4 қызметкер ҚР ІІМ грамотасымен, 6 қызметкер ҚР ІІМ алғыс хатымен марапатталды және 2 қызметкерге алғыс жарияланды.

Ал қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жұбайларына ІІО қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қоры материалдық көмек көрсетті.

ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының жеті түлегіне академияны бітіргені туралы диплом және ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының үш түлегіне полиция лейтенанты арнаулы атағы берілді.


Соңғы жаңалықтар