Ақтөбе өзендеріндегі жағалауды жалға алып отырған кәсіпкерлер жерінен айырылып қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе өзендеріндегі жағалауды жалға алып отырған кәсіпкерлер жерінен айырылып қалды. Жаз бойы демалушыларға жағдай жасап отырған кәсіпкерлердің жері қалалық әкімдіктегі бәссаудада жалға беріліп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе өзендердегі жағалауларды тазартып, демалушыларға қызмет көрсетіп отырған бір топ кәсіпкер бүгін өз наразылықтарын білдірді. Олар 2-3 жыл бұрын Елек, Ақтөбе, Сазды өзендерінің бойындағы адамдар демалуға ыңғайлы орынды бекітіп, қалалық әкімдіктің келісімімен суға түсу маусымы басталған кезде адамдарға қызмет көрсетіп келген. Сол үшін олардың әрқайсысы жылына 2-3 миллион теңге салық төлеп отырған. Ал өткен аптада қаладағы демалыс орындарына арналған 10 жер бәссаудаға түсіп, сатылып кетті. Кәсіпкерлер бір күнде жерсіз қалып, құқық қорғау органдары мен әкімдіктен көмек сұрап отыр.

«Бірнеше жыл бұрын қалалық әкімдік «жағалауды тазартып, халықтың демалуына жағдай жасалса, жер актісін рәсімдеп береміз» деп келісім берді. «Тұрғындар қалашығы» жағажайын қоқыстан тазарту, қоршау, электр тогына қажетті техниканы сатып алу секілді барлық жұмыстарға 15 миллион теңге салдық. Жыл сайын 3 миллион теңге салық төлеп отырмыз. Біз жазда бар болғаны 1-1,5 ай қызмет көрсетіп, табыс тауып жүрміз. Ал қазір бәріміз далада қалдық, ешкім бізге мән-жайды түсіндірмеді», - деді кәсіпкер Анатолий Иванов.
null 

Бәссауда кезінде «Інжу» жағажайының иесі Арман Қазыбаевтың жері үш жылға жалға беру құқығымен сатылып кеткен. Бірнеше жыл иелік етіп, табыс тауып отырған жағажайының аукционға түсетінін екі күн бұрын естіген кәсіпкер 150 мың теңге болатын кепіл ақшаны да таба алмапты.

«Біз прокуратураға, әкімдікке арыз жазып қойдық. Шындығында, кімге барып, кімнен көмек сұрайтынымызды білмейміз. Біз бірнеше жыл бойы шөбі өсіп, азып-тозып, қоқысқа толып кеткен жағажайды қалпына келтірдік, оны бір күнде басқа адам иеленіп кетті», - дейді А. Қазыбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе қалалық әкімдігі демалыс базаларындағы құрылыс үшін 10 жер телімін аукционға шығарған болатын. Аукцион кезінде 9 жер учаскесі 30 миллион теңгеге бағаланды. Сатылмаған 1 жер учаскесі бойынша қайтадан аукцион өткізілетін болады.

«Жерлер анықталып, бекітілген қаулыға сәйкес аукцион өткізілді. Аукцион нәтижесіне сәйкес жеңімпаздар анықталды. Жалдау құқығын сатып алу жөнінде келісім шарт жасалды. Заң баршаға ортақ»,- деді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев.

Соңғы жаңалықтар