«Ақтөбе-Орал» тасжолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Самара–Шымкент» тасжолының Ақтөбе мен Орал қаласын жалғайтын бөлігіне орташа деңгейде жөндеу жасалып, жұмыс биыл шілдеде аяқталады. Жөндеу жұмыстары туралы «Жол Алға системс» ЖШС-нің бас инженері Сергей Авраменко айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самара – Шымкент тасжолы бойындағы Ақтөбе мен Орал арасын жалғайтын жолды жөндеуге 1 197 840 теңге қаржы бөлінді. Тасжолдың жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстарын өткен жылы қазанда бастадық. Күн суығанша 15 шақырым жолды жөндеп үлгердік. Биыл мамырда жөндеу жұмысын қайта бастадық. Яғни, енді 19 шақырым жолды жөндеп жатырмыз», - деді «Жол Алға системс» ЖШС-нің бас инженері Сергей Авраменко БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.

Спикер берген дерекке сәйкес, жол бойындағы жөндеу жұмысы шілдеде бітпек.

«Аталған тасжол бөлігі 2012 жылы пайдалануға берілген. Араға 10 жыл салып қайта жөндеуден өтіп жатыр. Қазір 25 маман 15 техниканың көмегімен еңбектеніп жатыр. Жұмыс кестеге сай жүруде», - дейді ол.

Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен «Ақтөбе – Орал – Атырау» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдардағы істеліп жатқан жұмыс бойынша БАҚ өкілдеріне арналған тур өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар