Ақтөбе Оңтүстік Кореяға бірнеше инвестициялық жобаны ұсынды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе Оңтүстік Кореяға бірнеше инвестициялық жобаны ұсынды. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан-Оңтүстік Корея орталығының директоры Ву Джонг Химен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе мен Оңтүстік Корея инвесторларының арасындағы қарым-қатынас тұрақты дамып келеді. Өткен жылы облыс пен Корея арасындағы сауда-саттық көлемі 100 миллион доллардан асқан. Яғни, 2015 жылмен салыстырғанда 15 пайыздық өсімді көрсетеді. Кәсіпкерлер даму жолын тұрақтылықты ұстанса, биыл облыс пен Корея арасындағы сауда айналымы 500 миллион долларға дейін жетуі мүмкін.

«Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас өте жақсы. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс орнықты. Ал Ақтөбе өңірінде 10 кәріс компаниясы жұмыс істеп тұр. Оның екеуі мұнай саласында», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кездесу кезінде.

Кездесуде Ақтөбе өңірінде іске асыруға тиімді бірнеше инвестициялық жоба ұсынылды. Өндіріс, медицина саласындағы бірнеше жоба енді кореялық кәсіпкерлерге таныстырылады.

«Орталық екі ел кәсіпкерлерінің байланысын нығайту жолында жұмыс істейді. Ақтөбе облысы үшін маңызды салаларға инвесторларды тарту жолында еңбек етіп жатырмыз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы қызықтырады. Корея Ақтөбеде өндірілетін тауарды экспорттауға ниетті»,- деді Қазақстан-Корея орталығының директоры Ву Джонг Хи.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кәрістердің ұлттық орталығын ашуды ұсынып, тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар