Ақтөбе облысының Ойыл ауданы «қызыл» аймаққа кірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының Ойыл ауданы «қызыл» аймаққа кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданы 17 наурыз күні карантин шарасын күшейтті . Арада бір аптадан астам уақыт өткенде аудан «қызыл» аймаққа өтті.

«Бүгіннен бастап супермаркеттердің жұмысы сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін шектелді. Базарлар жұмыс күндері ішкі тәртіп бойынша қызмет көрсетеді. Медициналық орталықтар, кабинет, стоматологияға алдын ала жазылып бару керек. Банк, халыққа қызмет көрсету орталығы, поштаның жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін шектелді. Мектепке дейінгі мекемелердегі кезекші топтарда бала саны 15-тен аспауы қажет. Діни объектілерде ұжымдық іс-шаралар өткізуге болмайды. Қоғамдық тамақтану орындарында адам саны 30-дан аспауы тиіс. Мұнда сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бұл ретте ұжымдық, салтанатты, отбасылық, естелік және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады», - деп хабарлады облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден аспайтын азық-түлік сатпайтын дүкендер, сауна, бассейн, жабық базарлар, спорт кешендері, спорттық- сауықтыру орталықтары, фитнес орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейді.

«Ойыл ауданына баратын және ауданнан шығатын барлық адамға міндетті түрде термометрия және сауалнама жүргізіледі. Санитария бекеттері ұйымдастырылады. COVID-19 белгісі бар барлық адамға зертханалық тексеру жүргізіліп, карантиндік стационарда 2 тәулікке оқшауланады» деп хабарлады баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар